Қазақстанның Германиядағы Елшісі неміс саясаткеріне мемлекеттік марапатты табыстады

МЮНХЕН, 2019 жылы 7 ақпан – Қазақстанның Германиядағы Елшісі Болат Нүсіпов көрнекі неміс саясаткері, ГФР-дың бұрынғы экономика және технологиялар Федералды министрі Михаэль Глосқа Қазақстан-Герман қарым-қатынасының дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалін табыстады.

2016 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тағайындаған мерекелік медаль салтанатты жағдайда ГФР-дың қоғамдық-саяси және іскер топ өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның Мюнхен қаласындағы Консулдығы ғимаратында тапсырылды.

Неміс саясаткерінің екі ел арасындағы саяси және парламентаралық диалогының қалыптасуы мен кеңеюіне, ҚР мен ГФР арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың дамуына қосқан зор үлесін айта келе, қазақстандық дипломат М. Глосқа ұзақ жылдар бойғы достық ынтымақтастығы, сондай-ақ Қазақстанға және екіжақты қарым-қатынасқа деген ықыласы үшін алғыс білдірді.

Осындай жоғары марапат үшін мемлекет Басшысына ризашылық білдіре отырып, М. Глос Қазақстан мен Германия қарым-қатынасының одан ары дамуы мен диверсификациясы, атап айтқанда, шикізаттық және технологиялық серіктестікті арттыру, инвестициялық ынтымақтастықты және Қазақстанға қосарлы білім берудің неміс моделін енгізу бойынша өзара қарым-қатынасты кеңейту үшін зор әлеуеттің бар екендігін баса айтты.

Бұл тұрғыда неміс саясаткері екі ел арасындағы саяси диалог пен экономикалық ынтымақтастықты одан ары нығайту үшін бар күшін салуды жалғастыратындығын білдірді.

Салтанатты шараға қатысқан неміс саясаткерлері мен кәсіпкерлері Қазақстан-Герман экономикалық ынтымақтастығын жандандыру ҚР Президенті Н.Назарбаев анықтаған экономикалық дипломатия міндеттерін шешуге сөзсіз ықпал етеді деген ортақ пікір білдірді.

Қосылған : 7.02.2019, 14:00, Өзгертілген : 7.02.2019, 14:00