Лондон, Дублин және Манчестер қазақстандық оркестрді қошеметтеді

ЛОНДОН, 2018 жылғы 26 қазан – Жамбыл атындағы Қазақ филармониялық камералық оркестрі Ұлыбритания мен Ирландия қалаларындағы бір апталық турнесін Дублин, Манчестер және Лондондағы концерттерімен аяқтады.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов қазақстандық мәдениетті щетелде танымал ету ісіне қосқан үлесі үшін оркестр мүшелеріне алғысын білдірді. Манчестердегі концертте қазақстандық дипломат еліміздің Ұлыбританиядағы алғашқы ядролық қарудан азат аймақ болып жарияланған қаламен ерекше қарым-қатынасын атап өтті. Манчестер мен Қазақстандық Семей ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізуге бағытталған «Mayors for Peace» ұйымы аясында бірге жұмыс істейді.

Классикалық музыканы бағалай білетін меймандар, оның ішінде аңызға айналған қазақ композиторларының туындыларын бірінші рет тыңдағандар қазақстандық музыканттар мен классикалық қазақ шығармаларының ерекше дыбысын бағалады. Концерттерге қатысқан британдық саяси, экономикалық және мәдени орталардың жоғары өкілдері және дипломатиялық корпустың мүшелері классикалық қазақ музыкасына және оркестрдің шығармашылығына шынайы қызығушылық танытты.

Лондондағы концертке Ұлыбритания Премьер-министрінің Қазақстандағы Сауда өкілі Баронесса Эмма Николсон, Лордтар палатасының мүшесі, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі көппартиялық топ Төрағасының орынбасары Лорд Мохамед Шейх, жетекші мемлекеттердің елшілері, Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің, бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері және басқалар қатысты.

Танымал канадалық скрипкашы Лара Сент-Джон және көптеген жүлделермен марапатталған қазақстандық кларнетист Бектұрған Жоламан турненің солистері болды. Оркестрге жетекшілік еткен атақты қазақстандық дирижер Ерболат Ахмедьяров.

Турне барысында оркестр «BBC Radio 3» радиосындағы «In Tune» бағдарламасының тікелей эфирінде өнер көрсетті. Аталған бағдарламаға дәстүр бойынша классикалық, джаз және халық музыка әлеміндегі үздік оркестрлер қатысады. Тыңдармандар оркестрдің жазбасын «BBC» веб-сайтында бір ай бойы тыңдай алады.

Лондондағы концерттен кейін оркестр Миланға барып, әлемдік турнесінің қорытынды концертін береді.

Концерттерді Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ҚР-дың Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында ұйымдастырды. Турне Қазақстан мен Ұлыбритания және Ирландия арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдық мерейтойын атап өтті.

Қосылған : 27.10.2018, 18:00, Өзгертілген : 27.10.2018, 18:00