Лондонда Қазақстандағы президенттік сайлау тақырыбында брифинг өтті

ЛОНДОН, 2019 жылғы 30 мамыр – Алдағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысовтың британдық саяси және бизнес-истеблишментке, сондай-ақ БАҚ өкілдеріне арналған брифингінің басты тақырыбы болды.

Брифингке қатысушылар тәуелсіз Қазақстанның саяси даму тарихы, елде жүргізіліп жатқан демократиялық реформалар, сондай-ақ алдағы сайлауға дайындық барысы туралы хабардар болды. Қонақтарға сайлаудың негізгі кезеңдері, Қазақстанның сайлау процесі мен заңнамасы, президенттікке кандидаттар, аккредиттелген халықаралық бақылаушылар мен шетелдік баспасөз өкілдері туралы өзекті ақпарат ұсынылды.

«Алдағы сайлау заманауи Қазақстан үшін дамудың жаңа кезеңі екендігі сөзсіз. Осыған орай еліміздің басшылығы бұл сайлау Қазақстан тарихында ең адал, бәсекелі және ашық болуы үшін барлық жағдайды жасап отыр», – деп атап өтті Е.Ыдырысов.

Қазақстандық дипломат алдағы мемлекет басшысының сайлауы Қазақстан үшін ғана емес, оның өңірдегі көршілері мен бүкіл әлемдегі серіктестері үшін де маңызды екенін атап өтті. Себебі жаңадан сайланған басшы мемлекеттік саясаттың тұрақтылығының және Қазақстанның халықаралық міндеттемелерге бейімділігінің кепілі болады.

Брифинг қонақтары сайлаудан кейінгі Қазақстанның болашағына, сайлау процесінің жоғары стандарттарын қамтамасыз ету институттарына, сондай-ақ Ұлыбританиядағы ҚР Елшілігі жанындағы сайлау учаскесінде сайлау өткізу рәсімдеріне қатысты сұрақтарына жауап алды.

Қосылған : 31.05.2019, 10:30, Өзгертілген : 31.05.2019, 10:30