Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық қызметі Мәскеуде талқыланды

МӘСКЕУ, 2018 жылғы 12 шілде - 2018 жылғы 9-10 маусымда Қытайдың Циндао қаласында болған Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қол жеткізген уағдаластықтарын жүзеге асыру шеңберінде Ұйымның халықаралық қызметі мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі консультациялар өтті.

Қазақстаннан іс-шараға ШЫҰ мәселелері бойынша Ұлттық үйлестіруші Ерлан Әлімбаев қатысты. Қазақстандық дипломат халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша еліміздің ұстанымдарын жеткізіп, жиналғандардың назарын мүше мемлекеттер басшыларының, оның ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ШЫҰ аясында жаңа технологиялар мен экономиканы цифрландыру саласында тәжірибемен алмасу бойынша алаң құру, сондай-ақ орнықты даму бойынша Ұйымның тиісті тұжырымдамасын қалыптастыру туралы бастамаларын уақытылы және толықтай іске асыру қажеттілігіне аударды.

Шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлемдегі тартымдылығының артып келе жатқанын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара ықпалдасуының стратегиялық бағыты кеңейгенін атап өтті.

Ұйымның сегіз мүше мемлекттер делегацияларының басшылары және ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов өз баяндамаларында халықаралық сахнадағы өзара тиімді ынтымақтастықтың тетіктерін әрі қарай жетілдіру үшін барлық тараптардың бірлескен және үйлесімді әрекет етуінің маңызына баса назар аударды.

Қосылған : 12.07.2018, 19:00, Өзгертілген : 12.07.2018, 19:00