СІМ, ИДМ мен МҚСЖҚА жағымды инвестициялық ортаны құру және инвесторлардың сенімділігін арттыру үшін күш-жігерді біріктіру жөніндегі меморандумға қол қойды

АСТАНА, 2018 жыл 11 сәуір. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі еліміздегі инвестициялық жобаларға, соның ішінде бес институционалдық реформаның аясында, 100 нақты қадам, сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасына шетелдік әріптестердің қатысуын белсенді түрде жалғастыруға ниетті. Бұл туралы сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қайрат Әбдірахманов «Қазақстан Республикасындағы инвестициялық орта: Инвестициялық омбудсмен институты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тетіктері» халықаралық бизнес-форумында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

Сыртқы істер, инвестициялар және даму министрліктері мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп ұйымдастырған форумның жұмысына дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Парламент депутаттары, ірі инвестициялық компаниялар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ бизнес қоғамдастықтар мен үкіметтік емес сектордың өкілдері қатысты.

Іс-шараның мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың және инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың үздік алдын алу тетіктерін белсенді пайдалану есебінен жағымды инвестициялық және іскерлік ортаны құру болып табылады. Бизнес форумға қатысушылар отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ олардың сенімділігін арттыру бойынша қабылданған шараларды талқылады және инвесторлардың инвестициялық қызметі және құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау барысында туындайтын проблемалық мәселелерді атап өтті.

Қ.Әбдірахманов ведомствоның сыртқы саясатты экономизациялау бойынша қызметі туралы және Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық корпуспен, мемлекеттік органдармен және ұлттық компаниялармен ынтымақтастығы туралы баяндама жасады, сондай-ақ форумның шетелдік қатысушыларын Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының презентациясы, елорданың 20 жылдығын мерекелеу сияқты Қазақстандағы ірі халықаралық іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек басты міндеті инвесторларды қорғау болып табылатын Инвестициялық омбудсмен институты мен Инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі кеңес қызметінің бағыттарына ерекше назар аударды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев әдетте шетелдік инвесторлар кез-келген елде сыбайлас жемқорлық пен заңсыз араласу сияқты бірқатар қиындықтармен кездесетіндігін атап өтті. Агенттік сыбайлас жемқорлық пен заңсыз араласуды іскерлік ортада жою бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде, соңғы үш жылда осындай 976 жағдай тіркелген. Сыбайлас жемқорлық пен заңсыз араласумен аналысқаны үшін 389 лауазымды тұлғалар сотталды. Қабылданған шаралар бес жүзден астам кәсіпкердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, форум барысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Агрис Прейманис, Қазақстандағы Shell концернінің вице-президенті және төрағасы Оливье Лазар, «Inpex North Caspian Sea LTD» ЖШС бас менеджері және филиал директоры Хироши Икеда сөз сөйледі.

Іс-шара нәтижесінде инвестиция және даму министрліктері, сыртқы істер министрліктері және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасындағы қолайлы инвестициялық жағдайды қалыптастыру және инвесторлардың сенімін арттыру мақсатында күш-жігерді біріктіру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қосылған : 11.04.2018, 19:00, Өзгертілген : 11.04.2018, 19:00