Жаңа Аквитания – қазақстандық-француздық орталықсыздандырылған ынтымақтастықтың жаңа буыны

18 желтоқсанда Биарриц қаласында (Атлантикалық Пиреней департаменті, Жаңа Аквитания аймағы) өткен сапары барысында Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев халықаралық қатынастарды кеңейтуге мүдделі аймақтың экономикалық әлеуетімен танысты. Қазақстан-Француз стратегиялық әріптестігін одан әрі дамыту, орталықсыздандырылған ынтымақтастықты ілгерілету және Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген нақты міндеттер контекстінде, дипломатиялық өкілдігі басшысының ауыл шаруашылығы, туризм, цифрлы технологиялар, композиттік материалдар және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейтін компаниялардың ұсыныстарына ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, «French Tech» француздық стартаптардың экожүйесінің аймақтық бөлімін басқаратын «SimForHealth» компаниясының Президенті Жером Лёлё виртуалды науқастардың негізінде хирургтерді, дәрігерлерді және медицина қызметкерлерді оқытуға арналған сандық симуляторды ұсынды. Сонымен бірге, бұл компания денсаулық үшін жасанды интеллекттің дамуымен айналысуда. Ж.Лёлё, бүгінгі күнге бүкіл әлемнің 50 мыңға жуық дәрігері «e-Santé» француздық оқыту платформасын пайдаланатынын атап өтті.

«Toray Carbon Fibres Europe» композиттік материалдарды өндіру бойынша компаниясының басшысы Жан-Марк Гилемпей тоқыма, химия, авиация, спорт және медицина өнеркәсібіндегі соңғы әзірлемелер туралы баяндады.

Жылқы өсіру және сырғанаудың ежелгі дәстүрлері бар Қазақстан үшін кіріктірме электроника, биоыдырайтын тері және өсімдік илік заты бар жоғары сапалы ер-тоқымдарды өндіретін «CWD-LIM» тобының жоғары технологиялық өнімдері қызығушылық тудыруы мүмкін. Бұл өндірістік кәсіпорынның бас директоры Лоран Дюрэй сонымен қатар «RESO CUIR» былғары өнеркәсібі кластерінің басшысы болып табылады.

Жаңа Аквитанияның Өңірлік кеңесінің төрағасы Ален Руссе, Биарриц қ. мэрі Мишель Вёнак, сондай-ақ Баск елінің агломерация қоғамдастығының төрағасы және Байонна қ. мэрі Жан-Рене Эчегарай өңірлік компаниялардың жаңа сыртқы нарықтарға шығу бойынша талаптарын толығымен қолдайды. Өз кезегінде, Елші Ж.Ғалиев өңірдегі компанияларды алдағы цифрландыру (2019 ж. наурыз айында Канны қ.) және ауыл шаруашылық (2019 ж. маусым айында Ренн қ.) бойынша қазақ-француз форумдарына шақырды.
Қосылған : 19.12.2018, 20:50, Өзгертілген : 19.12.2018, 20:50