ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің отырысы туралы

11 қаңтарда ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің отырысы барысында Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі – ұйымның Іс басындағы төрағасы Анджелино Альфано ЕҚЫҰ шеңберінде 2018 жылға арналған басымдықтарымен таныстырып өтті. Атап айтқанда, Украинадағы дағдарыс пен ЕҚЫҰ аумағындағы басқа да созылмалы жанжалдарды реттеу мәселесіне ерекше мән беріледі. Сонымен бірге, күн тәртібінде саяси-әскери өлшем бойынша өзара сенімді орнатуға бағытталған құрылымдық диалогқа назар аударылады, экономика және экология өлшемінде технологиялық инновация, цифрландыру, адами капитал, жаңармалы энергетика және бизнес арқылы ЕҚЫҰ аумағында экономикалық даму мен қауіпсіздікті орнату мәселелеріне басымдық беріледі, сондай-ақ адам құқықтарына байланысты өлшемде барлық негізгі құқықтардың құрметтелуіне, дискриминация мен төзімсіздікке қатысты мәселелерге көңіл бөлуді жоспарлауда.

Тұрақты Кеңес отырысы барысында Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Сарыбай қарымта баяндамасында Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстыра келе, Жолдауда көтерілген негізгі басымдықтар Италия төрағалығының екінші өлшемдегі басымдықтарымен сәйкестігін мәлімдеді. Сонымен бірге, Қ. Сарыбай ЕҚЫҰ-ға мүше 57 елдің ішінен мемлекеттіміздің ұйымның экономика және экология комитет төрағасы ретінде қайта тағайындалуына алғысын білдірді.

2017 жылы ұйымға Аустрияның төрағалығы барысында да Қазақстан экономика және экология комитетіне төраға ретінде ұлттық мүдделерді ілгерілетумен қатар былтыр желтоқсан айында Венада өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде ЕҚЫҰ аумағында экономикалық қатысу туралы министрлер кеңесінің шешімін, экономиканы жасылдандыру туралы декларация мен ЕЭО-на мүше елдерімен бірлесе өзара байланыстық пен интеграциялық үдерістердің сабақтастығы туралы бірлескен мәлімдеменің жасалуына мардымды үлесін қосты. Декларацияда ЭКСПО-ның экономиканы жасылдандырудағы маңызды ролі туралы аталып өтілді. Сонымен қатар, комитетке Қазақстан төрағалығы барысында 2017 жылдың 15-16 маусымда Астанада «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі шеңберінде «Тұрақты даму, қауіпсіздік және тұрақтылық үшін экономиканы жасылдандыру» тақырыбына арналған 25-ші ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта форумына екінші дайындық жиналысы мен «ЭКСПО»-ның Халықаралық ұйымдар павильонында ЕҚЫҰ стендінің ашылуы ұйымдастырылды.

Қосылған : 11.01.2018, 19:05, Өзгертілген : 11.01.2018, 19:05