ҚР инвестициялық климаты туралы

Қазақстан Республикасының инвестициялық климаты

Бүгінгі күнде Қазақстанда жағымды инвестициялық климат қалыптасқан: жеңілдетілген салықтық режим жұмыс істеуде, ұлттық заңнама жүйелі түрде жетілдірілуде, инвестициялық преференциялар жиынтығы кеңейтілуде. Экономиканың басым салаларында инвестициялық жобаларды іске асырып жатқан инвесторларға салықтық заңнаманың тұрақтылығы кепілдендірілген.

Біз ЭЫДҰ елдерінің үздік стандарттарына және тәжірибелеріне сәйкес инвестициялық климатты құрудың іргелі жолдарын жүзеге асыруға назар аудардық.

«Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне» сәйкес инвесторларға экономиканың басым салаларында келесі инвестициялық жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған:

  • -инвестициялық жобаны іске асыруға қажетті жабдықтарды, компоненттерді, шикізатты және қосалқы бөлшектерді әкелу кезіндегі кедендік баждарды төлеуден босату;
  • -мемлекеттік заттай гранттар (жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар, машиналар және құралдар, есептеуіш техникасы, өлшейтін және реттеуші аспаптар мен жабдықтар, жеңіл автокөліктен басқа көлік құралдары, өндірістік және шаруашылық құрал-саймандар).

Қосымша 2 млн. АЕК-тен (13 млн АҚШ долл. шамасында) кем емес және экономиканың басым секторларында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар бойынша мемлекетпен жеке инвестициялық келісімшарт жасасу мүмкіндігіне сәйкес инвесторға жаңа ынталандыру жиынтығы қол жетімді болады:

КТС және жер салығы (10 жыл) және мүлік салығы (8 жыл) бойынша салықтық (10 жыл), жеңілдіктер;

  • -салықтық мөлшерлемелердің (ҚҚС пен акциздерден басқа), экологиялық алымдар мен төлемдердің 10 жыл мерзімге тұрақтылығы;
  • -инвестициялық субсидия – инвестордың 30% дейінгі капиталды шығындарының өтемақысы;
  • -жобаларды іске асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуды оңайлату.

Қазақстандағы инвестициялық қызмет барысында туындайтын шетелдік инвесторлардың проблемалық мәселелерін жедел шешу мақсатында диалог алаңдары құрылып, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі жанындағы Инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі кеңес табысты қызмет атқаруда. Қазақстан Республикасында инвестициялық қызметті жүзеге асыратын инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Инвестициялық Омбудсмен институты құрылды. Ол инвесторлар мен мемлекет арасындағы инвесторлардың соттан тыс және сотқа дейінгі тәртіптегі ағымдағы мәселелерін шешу үшін олардың өзара әрекеттесу платформасы ретінде қызмет етеді.

Қазақстанда 10 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) жұмыс істейді, оларда да салықтық және кедендік жеңілдіктер беріледі (КТС-тен, жер салығынан, мүлік салығынан босату, АЭА аумағында тұтынылатын тауарлар ҚҚС-тен босатылады, жер учаскесін жалға алу – 10 жылға тегін).

ҚР Үкіметі инвесторлардың өтінімдеріне неғұрлым икемді ден қою және АЭА-ны жаңа жобалармен толтыру үшін АЭА-ның тар салалық бағыттарға шығу жөніндегі шаралар туралы жұмыстар жүргізіп жатыр. АЭА қатысушыларына жеңілдіктер беру тетігі, сондай-ақ жер телімдерін беру тәртібі де жеңілдетілуде.

2016 жылдың басынан бастап Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік органдардың қатысуымен «Бір терезе» қағидаты бойынша инвесторлардың барлық санаттарына өзара іс-қимылының жаңа тетігі іске қосылды, бұл мемлекеттік қызметтерді алу рәсімін айтарлықтай жеңілдетті.

Сонымен бірге, ҚР Үкіметі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды (ӘКК) инвестиция тарту аймақтық компанияларға айналдыра отырып, оларды қайта брендтеу мәселесін қарастыруда.

Бұл компаниялардың міндеттері өңірлерге инвестиция тарту, индустриялық-инновациялық инфрақұрылымды (АЭА, ИА) дамыту және басқару, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін қолдану арқылы инвестициялық жобаларды іске асыруды және халықаралық стандарттар мен инвестициялық жобаларды қалыптастыру бойынша функцияларын құруды қамтиды деп болжануда.

Инвесторлар және мүдделі ведомстволар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын жетілдіру мақсатында кең ауқымды өкілеттіктермен операциялық және техникалық сипаттағы, соның ішінде тиісті мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі «Kazakh Invest» мамандандырылған ұлттық инвестициялық компаниясы құрылды.

Бұл компания Үкіметтің атынан ТҰК және ірі инвесторлармен «бірыңғай келіссөзші» рөлін атқарады және инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, оның ішінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды сүйемелдейді және жерлерде пайда болған мәселелерді шешеді.

Бұдан басқа, қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сыртқы нарықтарға ілгерілету жөніндегі «Kazakh Export» ұлттық компаниясы құрылды.

Шетелдік инвесторлардың жауапты мемлекеттік органдармен және ҚР мүдделі ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасудың қолайлығы үшін 10 қазақстандық дипломатиялық өкілдіктерде инвестициялар жөніндегі арнайы кеңесшілер тағайындау туралы шешім қабылданды.

2017-2018 жж. кезеңіндегі бағалау бойынша Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 57-ші орынды иеленді. ҚР денсаулық сақтау және бастауыш білім беру көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда ДЭФ-тің бастапқы білім беруді бағалау үшін халықаралық ұйымдардың статистикалық деректерін дұрыс пайдалануына байланысты 59-орынға (+35) көтеріліп, елеулі жақсарғанын атап өту керек. Сондай-ақ жоғары білім және кәсіптік дайындау сияқты факторлар бойынша 56-шы орынға (+1), технологиялық дайындық – 52-ші орынға (+4) және нарық көлемі бойынша – 43-ші орынға (+2) көтерілгендерін атап өткен жөн.

Doing Business 2018 рейтингінде 190 ел арасында Қазақстан 36-шы орынға ие болды. ЕАЭО мүше-елдерінің арасында Қазақстан Ресей Федерациясынан кейін екінші орынды алып, Беларусь, Армения және Қырғызстанның алдында келеді.

2005 жылдан бастап елімізге 250 млрд. АҚШ долл астам тікелей шетелдік инвестиция тартылған. 2017 жылдың қорытындысы бойынша 15,7 млрд. АҚШ долл. тартылды. Әлемдік қаржылық тұарқсыздық жағдайында біздің инвестициялық климатымыз және елдегі макроэкономикалық жағдай тұрақты болып қалуда және инвесторлардың сенімділікке ие.

Негізгі тікелей шетелдік инвестицияларды алушылар ретінде тау-кен өнеркәсібі, геологиялық барлау, іздеу жүргізу жөніндегі қызмет және өңдеу өнеркәсібі болып табылады.

Өнеркәсіптік саясатты кезең-кезеңмен дамыту мақсатында 2014 жылғы 1 тамызда ҚР Президентінің Жарлығымен 2015-2019 жылдарға арналған ҚР-дың Индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік Үдемелі Индустриалды Инновациялық Даму Бағдарламасының логикалық жалғасы болып табылады және оны жүзеге асырылу тәжірибесін ескереді.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес экономикадағы өзгертілген шарттар мен жаңа технологиялық сын-қатерлерін ескере отырып, Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы (ИИДМБ) өзектендіріліп, 2016 жылғы 6 қыркүйекте №315 Президент Жарлығымен жаңа редакцияда қабылданды.

Индустрияландырудың басымдықтары өзектендіріліп, ИИДМБ-да қайта қаралады. ИИДМБ-ның мақсаты еңбек өнімділігін ұлғайтуға және өңделген тауарлар экспортының көлемін арттыруға бағытталған өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыруға екпін қою болып табылады. Талдау нәтижелері бойынша металлургия, мұнай өңдеу, химия, машина жасау, азық-түлік өнімдерін өндіру секілді өңдеу өнеркәсібінің 5 басым салаларында экспортқа бағдарланған айтарлықтай 8 сектор (қара металлургия, түсті металлургия, агрохимия, мұнай өңдеу, мұнай және газ химиясы, автомобиль өндірісі, азық-түлік өндірісі, электрлік жабдықтар өндіру) таңдалды.

Сондай-ақ, ИИДМБ отандық тауарларды экспорттық қолдауды айтарлықтай күшейтуді және еңбек өнімділігін ынталандыруды көздейді. Мемлекеттік қолдау құралдары қайта қаралған.

ИИДМБ табысты іске асырылған жағдайда келесі мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізіледі: өңдеу өнеркәсібі өнімдері экспорты көлемінің құндылығы 2015 жылғы деңгейден 19%-ға; өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2015 жылғы деңгейден 22%-ға; өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына инвестиция көлемі 4,5 трлн. теңгеге өседі; өңдеу өнеркәсібіндегі энергия сыйымдылығы 2014 жылғы деңгей кем дегенде 7%-ға қысқартады.

Қазақстан Республикасының инвестициялық климаты туралы толығырақ ақпаратты http://www.invest.gov.kz сайтынан табуға болады.

Қосылған : 3.07.2014, 22:57, Өзгертілген : 26.04.2018, 11:55