Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының келешегі талқыланды

2018 жылы 1 қарашада Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Бауыржан Мұхаметжанов Грузияның Экономика және тұрақты даму министрі Георгий Кобулиямен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және транзит-көліктік салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы ахуалы мен даму келешегі талқыланды.

Тараптар биылғы жылы екіжақты тауар айналымының өсу қарқынын, сондай-ақ екі ел экономикаларының әлі де қолданылмаған айтарлықтай әлеуетінің бар екенін атап өтті. Осы орайда, Қазақстан Елшісі грузин нарығы дәстүрлі тауар топтары ғана емес, Қазақстанның 60-тан астам тауар түрлері бойынша өңделген өнім экспорты үшін үлкен қызығушылық тудыратынын атап көрсетті. Бұл – химия өнеркәсібі тауарлары, құрылыс материалдары, машиналар, қондырғылар, құралдар мен аппараттар, металл және тоқыма бұйымдары.

Б.Мұхаметжанов сондай-ақ ірі қазақстандық компаниялардың Грузияда өткізілетін автомобиль, автобустар, электровоздар, локомотивтер, вагондар, платформалар мен рельстер сатып алу бойынша тендерлерге қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл шаралардың өзара тауар айналымының құрамын әртүрлендіруге және көлемін арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.

Кездесуде тараптар қазақстандық инвестициялардың жетекшілері – Батуми мұнай терминалы мен Батуми теңіз портының қызметіне қатысты мәселелерді жан-жақты талқылады.

Грузин тарапы ел экономикасына Қазақстан инвестицияларын тартуға мүдделілігін жеткізді.

Қазақстан Елшісі грузин тарапын Орталық Азия, Кавказ, Таяу Шығыс, Қытай және Еуропа үшін қаржы орталығы болып табылатын «Астана» Халықаралық қаржы орталығының жұмысына белсене қатысуға шақырды.

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша қазақстан-грузин үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысын келесі жылдың басында өткізуге уағдаласты. Сондай-ақ тараптар өзара тауар айналымының құрамын кеңейту бойынша бірлескен шаралар қабылдайтын, оның ішінде екі елдің нарықтарына экспорттау үшін тауарлар тізімімен алмасатын болады.

Қосылған : 1.11.2018, 18:00, Өзгертілген : 1.11.2018, 18:00