​Шетелге шығатын ҚР азаматтарына арналған жадынама

Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары!

Бұл жадынама Қазақстан Республикасының шет елдерге шығатын азаматтарына арналған және шетелдегі саяхат кезінде қиындықтарға ұшырамау үшін жалпы қағидалар мен кеңестерді қамтиды.

I. САПАРҒА ДАЙЫНДЫҚ

Шетелге шығар алдында, ең алдымен, жол құжаттарыңыздың дұрыстығын тексеріп алған жөн. Әсіресе, паспорттағы тегіңіздің, атыңыздың, әкеңіздің атының (латын тіліндегі транслитерациясы да), туған күніңіз бен туған жеріңіздің, балаларыңыз туралы мәліметтердің, паспортыңыздың аяқталу мерзімінің (паспорттың мерзімі сапар аяқталғаннан кейін кем дегенде 6 айға дейін жарамды болу керек) дұрыс жазылғанына көз жеткізіңіз.

Жолға аттанар алдында туыстарыңыз бен достарыңызға өзіңіздің сапарыңыз бен баратын жеріңіз туралы айтып, байланыс телефондарыңызды тастап кетіңіз.

ҚР СІМ-нің сайтындағы «ҚР шет елдердегі өкілдіктері» бөлімде көрсетілген баратын елдегі Қазақстан Республикасының елшілігі немесе консулдық мекемесінің телефондарын жазып алыңыз.

Қазақстан Республикасынан үш мың АҚШ долларынан астам шетел валютасын алып бара жатсаңыз, оны жазбаша түрде декларациялау қажет. Қазақстан Республикасының азаматтары басқа елге қолындағы шетел валютасын алған жерді растайтын құжатсыз он мың АҚШ доллары көлемінде ғана шетел валютасын алып өте алады. Бұл сомадан артық валюта алып бара жатқан жағдайда, оларды растайтын мынадай құжаттарды көрсету қажет: айырбастау пунктінің шетел валютасын сатып алғандығы жөнінде анықтама-куәліктері, банктік есепшоттан ақшаны шетел валютасында алғандығы туралы құжаттар, шетел валютасын аударма арқылы алғандығы туралы банктік құжаттар, Қазақстан Республикасына алып кірген шетел валютасы туралы кедендік декларация. Бірақ басқа шет мемлекетке кіру кезде декларациялауды қажет етпейтін ақша көлемін сұрап алыңыз.

Баратын елдерде өзіңізге қажетті дәрі-дермектердің бар-жоғын алдын ала біліп алыңыз. Кейбір жағдайларда Қазақстанда оңай сатып алуға болатын дәрілерді шет елдерде шығара бермейді немесе оларды тек дәрігердің рецептімен ғана сатып алуға болады.

Ауа райы ыстық елдерге баратын болсаңыз, алдын ала егілген жөн. Тропикалық елдерге баратындарға күл ауруына, сіреспеге, полиомелитке қарсы егілген дұрыс. Африка (Сахарадан оңтүстікке қарай) мен Латын Америкасына барар алдында безгекке қарсы міндетті түрде егілу керек. Меккеге баратындарға делбеге қарсы егіліп алған жөн. Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде ұзақ уақыт болатын болсаңыз В гепатитіне қарсы егілген дұрыс.

Шетелге оқу, жұмыс істеу немесе тұрақты тұру үшін бара жатсаңыз, құжаттарыңызды заңдастырып немесе апостил қойғызып алған жөн. Бұл, ең алдымен, білім туралы құжаттарға, АХАЖ мекемелері берген куәліктерге, мүліктік қатынастар мен әлеуметтік қамтамасыз ету құжаттарына қатысты.

Көп елдерде азық-түлік тағамдарын, спирттік ішімдіктерді, темекі өнімдерін алып кіруге шектеулер қойылғанын немесе тыйым салынғанын ескеру қажет. Мысалы, мұсылман елдерге қандай да болмасын спирттік ішімдіктерді алып кіруге болмайды.

Шетелде болатын мерзімге сәйкес дәрігерлік сақтандыру полисін алуды ұмытпаңыз. Ол саяхат кезінде жазатайым оқиға мен сақтандыру полисінде көрсетілген аяқ астынан болған медициналық шағындардан сақтануға мүмкіндік береді.

II. ВИЗА АЛУ

Егер басқа мемлекеттің аумағына кіруге виза керек болса, оны алу үшін сол мемлекеттің Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне өзіңіз немесе жақсы білетін турагенттік арқылы алдын ала (1-2 ай бұрын) өтініш жасаңыз. Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттың түрі мен сапардың мерзіміне қарай визаны талап етпейтін елдердің тізімі сайтта көрсетілген.

Кейбір мемлекеттердің елшіліктерінде визаны дайындау мерзімі, әсіресе, демалысқа баратын саяхатшылар көбейген кезде, көп уақытқа созылып кететінін ескеріңіз. Сонымен қатар, әр елшілік визаны беру тәртібін, мысалы, консулмен сұхбатты, визаның құны мен қажет құжаттардың тізімін өз қалауына қарай бекітеді.

Шет мемлекеттер елшіліктерінің виза алу үшін құжаттарға қоятын талаптарын орындау (фотосуреттің көлемі, сауалнаманы дұрыс, оқылатындай етіп толтыру, консулдық алымды төлеу және басқа талаптар), сіздің виза беру жөніндегі сұрауыңызды дер кезінде қарастырып, оны уақытында алуға көмектеседі.

Визаны алмай тұрып жол жүру билеттерін алудың қажеті жоқ. Есіңізде болсын, шет мемлекеттердің елшіліктері виза берілмегендіктен немесе кешігіп дайындалғаннан туындаған шығындарыңыз үшін жауап бермейді.

Визаны тез арада алуға белгілі күнге сатып алған билетіңіз көмектеседі деп ойламаңыз. Бірақ кейбір елшіліктер ондай талап та қоюы мүмкін.

Егер баратын елге басқа мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін болсаңыз, онда транзиттік визаны ресімдеу жөнінде және оның аяқталу мерзімі мен шекарадан кедергісіз өту үшін қанша мәрте болу керектігі туралы алдын ала сұрап алыңыз.

Виза алғаннан кейін ондағы мәліметтердің дұрыстығын: паспортыңыздың нөмірін, атыңыз бен тегіңізді, туған күніңізді, визаның санаты мен мерзімін, шет мемлекетінде қанша күн болуға рұқсат берілгенін тексеріңіз. Есіңізде болсын, басқа бір адамның визада жіберген қателігінен шет елге кірген кезде де, болған кезде де қиындықтар тууы мүмкін.

Төменде Қазақстан азаматтары жиі баратын елдердің визалық тәртіптеріндегі ерекшеліктер көрсетілген.

ТМД елдері

Қазақстан ТМД елдерінің көпшілігімен азаматтардың визасыз сапарлары туралы келісімдерге қол қойған.

Мысалы, Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдеріне кіру үшін ҚР азаматының паспорты жеткілікті.

Қазақстан Республикасының азаматтары қазақ-ресей шекарасынан өткен кезде Ресейдің көші-қон картасын толтыру керек. Ресейдің шекаралық қызметі көші-қон картасы мен паспорттың кез-келген бос бетіне мөртабан басады.

Қазақстан азаматтары Украина мен Молдоваға 3 айдан астам уақытқа баратын болса, виза алуы керек.

Түрікменстанға бару үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына виза алу қажет. Қызметтік және дипломаттық паспорттары бар тұлғаларға бұл тәртіп қолданылмайды.

Шенген аймағына кіретін елдер

«Еуропа Одағының кейбір елдерінің арасында кедендік паспорттық тексеруді алып тастау» туралы Шенген келісімі 26 мемлекетті қамтиды: Аустрия, Бельгия, Мажарстан, Греция, Дания, Германия, Исландия, Испания, Италия, Латвия, Литва, Люксембург, Лихтенштейн, Нидерланд, Норвегия, Мальта, Польша, Португалия, Словакия, Словения, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция, Швейцария және Эстония.

Қысқа мерзімді шенген визаларының тәртібі Шенген аймағына кіретін барлық елдерде бірдей.

Бір мәртелік визамен Шенген аймағына визаны берген консулдық мекеменің елі арқылы ғана кіруге рұқсат етіледі. Мысалы, сіз визаны Францияның консулдығынан алсаңыз, онда кез-келген Шенген еліне тек Франция арқылы бара аласыз.

Шенген аймағына Болгария, Ирландия, Кипр, Румыния және Ұлыбритания кірмейді.

Таяу, Орта Шығыс, Азия және Африка елдері

Иран Ислам Республикасы

Қазақстан азаматтары Иранға сапар шегуі үшін виза алуы қажет. Визаны Иранның Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктерінен немесе ИИР халықаралық әуежайларынан алуға болады.

Иранда тіркеуге тұру талабы қойылмайды.

Виза мерзімі өтіп кетсе, күніне 10 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады және елге қайта кіруге тыйым салынуы мүмкін.

Қатар Мемлекеті

Қазақстан азаматтары Қатарға сапар шегуі үшін виза алуы қажет. Вза ресімдеу кемінде бес жұмыс күні аралығында қарастырылады.

Қатар Ішкі істер министрлігінің жазбаша келісімі бар болған жағдайда визаны (жұмыс, студенттік немесе жеке) Доха қаласының халықаралық әуежайында алуға болады. Бұл жағдайда қабылдаушы тарап (кепілгер немесе демеуші) Қатар Ішкі істер министрлігін шетел азаматының ұшып келетіні жөнінде хабардар етіп, алдын-ала келуші азаматтың толық деректерін ақпарат ретінде жолдауы тиіс.

Туристтік виза 14 күнге жарамды мерзімге беріліп, одан әрі жергілікті көші-қон Департаментінде тағы 14 күнге созылу мүмкіндігі бар.

Транзиттік ұшуларға сәйкесінше категориядағы виза қажет.

Оман Сұлтандығы

Қазақстандық азаматтар үшін Оман Сұлтандығының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінде алдын-ала виза ресімдеу қажет. Омандық виза беру мәселесі Оман Сұлтандығының Ішкі істер министрлігші құзыретінде. Визалық ережелер туралы толық ақпаратты Оман полициясының – Royal Oman Police – ресми сайтынан www.rop.gov.om табуға болады.

Бұдан басқа, омандық визаны әуежайда келу бойынша алуға болады. Бұл үшін қабылдаушы омандық тарап Оман полициясында визалық қолдауды алдын-ала ресімдеу қажет.

Ливан Республикасы

1 ай мерзімге туристік және жеке визаларды шекара бекеттерінде алуға болады.

Бейрут қ. Рафик Харири атындағы халықаралық әуежайында виза ақысыз беріледі. Қалған (теңіз және құрылықтағы) шекара бекеттерінде кіру визасының құны 20 АҚШ долларын құрайды.

Жұмыс, іскерлік және оқу визаларын алу үшін Ливанның Астана қ. Елшілігіне өтініш беру қажет.

Шекарадан өткенде көші-қон карточкасын толтырып, паспорттық бақылауға өткізу талап етіледі.

Ливанға келісім-шарт бойынша келген мамандарда ЛР Еңбек министрлігі берген рұқсатының болуы шарт.

Ескерту:

Паспортта Израильде болғадығы туралы белгісі бар тұлғаларға Ливанға кіруге тыйым салынуы мүмкін.

Малайзия

Егер Қазақстан Республикасының азаматтары Малайзияға 30 күнге ғана бара жатса, оларға виза алудың керегі жоқ (паспорт мерзімінің жарамдылығы сапардан қайта оралған сәтке дейін 6 айдан кем болмауы керек).

Малайзияның көші-қон заңнамасына сәйкес, осы елге келуіне рұқсат етілмеген немесе Малайзия аумағында заңсыз болушы адам қамауға алынуы мүмкін және шешім шығарылғанға дейін 30 тәулікке дейін депортациялық лагерьге орналастырылуы мүмкін.

Сонымен қатар, территорияға заңсыз түрде келген азаматтарға 60 тәуліктен 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру туралы санкциясы немесе 2000-нан 13000 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салу қарастырылған.

Сингапур Республикасы

ҚР азаматтарының Сингапур Республикасы территориясына кіру үшін қағаз бетіне басып шығарылған электронды виза қажет. Ел аумағында 30 күн аралығында болатын дипломаттық және қызметтік паспорттары бар тұлғаларға визаның қажеті жоқ.

Сингапур аумағын транзиттік мақсатта кесіп өтуге 4 күнге (96 сағат) визаның қажеті жоқ. Ол үшін транзиттік мақсатты растайтын әуе билетінің болуы тиіс.

Ескерту:

Сингапур елінің визасы бола тұра немесе визасыз транзиттік сапардың барлық талаптарын орындау Сингапур мемлекетінің территориясына кірудің кепілі емес. Мемлекет территориясына кіру туралы соңғы шешімді көші-қон мекемесінің қызметкерімен кеден пунктінде қабылданады.

Қытай Халық Республикасы

Қытайға 1 айға баратын дипломаттық және қызметтік паспорттары бар Қазақстан азаматтарына виза алудың қажеті жоқ.

Ұлттық паспорт болса, Қазақстан азаматтары виза үшін ҚХР Елшілігіне қажетті құжаттармен өздері баруы тиіс (қосымша ақпаратты ҚХР Елшілігінің сайтынан алуға болады).

Ескерту:

Қазір Қазақстандағы шет елдердің елшіліктері виза мен сұхбатқа жазылу үшін өтініштерді тек Интернет арқылы алып, құжаттардың түпнұсқасын артынан өткізу тәжірибесіне көшіп жатыр. Мысалы, АҚШ, Қытай, Нидерланд, Ұлыбритания, Швейцария елшіліктері визаны ресімдеудің осындай түріне көшкен.

III. ЖОЛДА

Ұшақтағы қауіпсіздік талаптарының қатаюы мен жеке заттардың мұқият тексерілетініне байланысты алып жүруге тыйым салынған заттардың тізімін анықтап алыңыз. Қол жүгіңізде тескіш пен кескіш заттарды, қаруға ұқсайтын балалардың ойыншықтары мен басқа заттарды алып жүруге болмайтынын есіңізден шығармаңыз. Америка мен Еуропа елдерінде қол жүгіне қатысты қарапайым шектеулерден басқа жолаушыларды тексергенге дейін өзіңізбен бірге алып барған және сатып алған сұйық, қоймалжың заттарды алып жүруге шектеу бар.

Әуежайда кедендік декларацияны толтыруды ұмытып кетпеңіз. Алайда есіңізде болсын, әр ел алып кіретін ақшаға шектеуді өзі қояды. Сондықтан алып кіретін ақшаның бір бөлігін банктік карточкамен, жол чекімен және басқа құралдармен алып жүрген жөн. Өткізген жүктің талоны жүк жоғалып қалған жағдайда міндетті түрде керек болатындықтан оны сақтап қою керек. Ұшақтың билетін, паспортты, ақшаны және басқа құнды заттарды өзіңізбен бірге алып жүргеніңіз дұрыс.

Шет елде паспортық тексеру бекетінен өтер кезде паспортпен бірге сапарыңызға байланысты басқа құжаттардың (баратын адамның/ұйымның шақыруы, қонақ үйдегі брон және т.б.) болғаны жөн.

Шет елге барғанда кездейсоқ адамдардың жүк салмағым асып кетіп тұр деген сылтаумен тексеру бекеттерінен затарды өткізіп беру туралы өтінішін орындамаңыз және танымайтын адамдардан беріп жіберетін зат (хат, жіберілім, жүк және т.б.) алмаңыз, олар есірткіні, жарылғыш құралдарды, улаушы заттар мен қауіпті аурулардың қоздырғыштарын заңсыз тасу үшін құпия жасырғыш ретінде қолданылуы мүмкін.

IV. ШЕТЕЛДЕ БОЛҒАНДА

Шет мемлекетте болған кезде сізге сол елдің заңы жүретін болғандықтан оны міндетті түрде сақтауыңыз керек. Барған елдің заңдарын білмеу сізді жауапкершіліктен босатпайды.

Шетелде болғанда жалпы қабылданған этика мен әдепке сәйкес дұрыс жүріп тұрыңыз, жергілікті салт-дәстүрлерді құрметтеу, әсіресе, Азия және Африка елдерінде, маңызды.

Есіңізде болсын, шет тілінде қарапайым сөздерді білгеніңіздің шетелде жүргенде көмегі тиеді және жергілікті халық оны ұнатады.

Жалпы келесі кеңестерді есте ұстаған абзал.

Қонақ үйге барғаннан кейін онда тұру мен өрттен сақтану ережелеріне көңіл бөліңіз. Қонақ үйдің визиткасын өзіңізбен алып жүргеніңіз дұрыс (қонақ үйлерде әрқашанда картасы бар кітапшаларды алуға болады).

Күтпеген оқиғалар болған жағдайда (жергілікті құқық қорғау органдарының ұстауы, бөтен кісілер тарапынан қорқытулар, жол апаты және т.б.) сол елдегі Қазақстанның консулдық мекемесінің қызметкерімен кездестіруді талап етуге құқыңыз бар. Қазақстан Республикасының консулдық мекемесінің қызметкерлерінің қатысуынсыз шет тіліндегі қандай-да бір хаттамаға немесе құжатқа қол қоймаңыз.

Шетелдегі сапар кезінде өзіңізбен бірге паспорттың, визаның және оны алуға негіз болған шақырудың көшірмелерін алып жүрген дұрыс. Қазақстан Республикасының паспорты мен жеке куәлігін жоғалтып немесе ұрлатып алған жағдайда бұл құжаттардың көшірмелері ҚР консулдығынан «Қазақстан Республикасына қайтуға куәлік» алуға көмек болады. Егер сіздің қолыңызда ешқандай құжат немесе олардың көшірмелері болмаса (жоғалтып немесе ұрлатып алған жағдайда), онда сізге аталған Куәлікті алу үшін ҚР консулдығына жеке тұлғаңызды анықтау рәсімінен өту керек болады.

Шет мемлекетке оқуға, жұмысқа немесе тұрақты тұру үшін барған Қазақстан азаматтары жақын жердегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдығына барып, консулдық тіркеуге тұруына кеңес береміз. Консулдық тіркеуге тұру Қазақстанға бармай-ақ көп мәселені шешуге мүмкіндік береді (сайлау мен референдумға қатысу, паспортты ресімдеу, азаматтық хал актісін жазу және т.б.) және барған мемлекетте соғыс, жаппай тәртіпсіздіктер, табиғи апаттар болған жағдайда сізді басқа жерге көшіру жеңіл болады.

Егер автокөлікті жалға алып жатсаңыз жол апатына ұшырап қалған жағдайда келген шығынды төлеп, сотқа тартылмау үшін көліктің ақаулары мен майысқан жерлерін алдын ала қарап шығыңыз, сақтандырумен бірге барлық құжаттардың ресімделуін мұқият тексеріңіз.

Шет елдердегі кейбір ерекшеліктерді ескерген де маңызды.

Атап айтқанда, әлемнің көп елдерінде қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салынған немесе темекіні арнайы орындарда тартуға рұқсат етіледі. Мысалы, Бельгия, Дания, Жаңа Зеландия, Ирландия, Исландия, Литва, Норвегия, Финляндия, Швеция сияқты елдерде барлар мен мейрамханаларда темекі тартуға болмайды. Мұндай тыйым Аустралияның, АҚШ-тың және Ұлыбританияның кейбір өңірлік округтарында бар.

Көп елдерде көлікті жүргізгенде ұялы телефонмен сөйлесуге жартылай немесе толық тыйым салынған (кейбір елдерде арнайы «hands-free» құралын қолданғанда рұқсат етіледі). Оның ішінде Аустралия, АҚШ (кейбір штаттар), Бельгия, Болгария, Германия, Испания, Италия, Малайзия, Сингапур, Түркия, Франция, Швейцария және басқа елдер бар.

Ауа райы ыстық елдерге барғанда санитарлық-гигиеналық шараларды сақтау керек. Жеміс-жидек пен көкөністі жақсылап жуып, тек фабрикаларда жасап шығарған су мен сусындарды ішу керек және көпшілік орындарда су мен жаңа сыққан жемістің шырынын, жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөністерден жасалған салаттарды, тағамдық мұзды пайдаланбаған жөн.

Көп елде сол жақпен жүру жол ережесі қабылданған. Бұларға Аустралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Ирландия, Индонезия, Кения, Кипр, Малайзия, Мальта, Пәкістан, Сингапур, Таиланд, Танзания, Үндістан, Ұлыбритания, Шри-Ланка, Ямайка және басқа елдер жатады.

АҚШ-та ер мен әйел адамдар арасында теңдік қағидаты сақталады, әйелдерге дөрекелік танытса немесе оларға жай ғана қырындаған үшін (сізге солай көрінгенмен) сотқа беруі мүмкін.

Аустрияда, Германияда, Нидерландыда, Швейцарияда заңдар мен тәртіптерді қатаң сақтайды. Жол жүру ережесін бұзған кезде неміс азаматтарының полицияға жасырын телефон шалуы жиі кездеседі. Тыйым салынған жерлерге көлікті қойғаныңыз үшін айыппұл төлетеді немесе оны эвакуатормен алып кетуі мүмкін.

Тарихы мен мәдениеті бай Қытай елінде жергілікті салт-дәстүрлерді құрметтеу керек екенін ұмытпаңыз.

Қытайлар «жоқ» деп айтқанды ұнатпайды, сондықтан тура жауап бермеу үшін абайлап сөйлейді. Бұл басқа елдің өкіліне түсініксіз болуы мүмкін.

Арқадан қағуға, қолды ербеңдетуге, жұдырықпен екінші қолдың алақанынан ұруға болмайды, өйткені мұның барлығы өрескел деп саналады.

Үндістанда үнділер қонақтармен қолды қысып амандасудың орнына «намасте» (немесе «намаскар») жасап, кеудесіне екі қолын айқастырып қойып, қарсы алады. Бірақ, осыдан кейін қолыңызды алуы мүмкін.

Үнді әріптесіңізге сыйлық таңдағанда сиыр терісінен жасалған бұйымдарды алмаңыз, себебі, Үндістанда сиыр киелі жануар.

Әңгімелесу барысында үнділер басын көп шайқайды, мұны теріске шығару емес, қуаттау, қанағаттану деп түсінген жөн. Әңгімелескен кезде аяқты айқастырып отыру, әңгімелесушіні сыйламағандық болып саналады.

Таиландта буддизм мен оның дәстүрлерін құрметтеу керек. Ғибадатханаға немесе тайлардың үйіне кірерде аяқ киімді шешу қажет. Тайлар аяқ киімін қай жерде шешсе, сол жердің бәрінде тура осылай істеу керек.

Король мен оның отбасы жайлы айтқанда байқау керек. Бұлар тайлардың қатты қадірлейтін адамдары, сондықтан тайлар олар туралы кез-келген менсінбей айтқан сөзді немесе жасаған қылықты өзін қорлағанмен бірдей қабылдайды.

Түркия зайырлы мемлекет болғанмен бұл елде Құранның ережелерін орындауға қатты көңіл бөледі. Қасиетті Рамазан айында көпшілік орындарда тамақ жеп, сусын ішпеген, темекі шекпеген, сағыз шайнамаған жөн. Туристік аймақтардан тыс жерлерде шолақ шалбар мен іш көйлек киіп жүрмеген дұрыс.

Мұсылман елдерге барған кезде мынаны білген маңызды.

Мұсылман елдердің өкілдерімен кездесу, танысу қол ұсынудан басталады. Әйелдер ерлерге иіліп сәлем береді.

Сыртқы киімге ерекше көңіл бөлген жөн. Әйел адамның киімі кең әрі қарапайым болуы керек. Мысалы, Иран мен Сауд Арабиясында әйелдерге бас орамалсыз және ашық киіммен көшеге шығуға тыйым салынады.

Шариғат заңдары қатал және міндетті түрде орындалады, әсіресе, мейрамдар кезінде. Рамазан айында көпшілік орындарда темекі тартып, тамақ пен сусын ішпеу керек.

Спирттік ішімдіктерді кейбір қонақ үйлердің барлары мен мейрамханаларында ғана сатады. Көшеде мас күйде жүрген немесе көлік жүргізген үшін айыппұл салады, қамайды немесе елден шығарып жібереді. Жергілікті адамдарға сыйлық немесе кәдесый ретінде спирттік ішімдіктерді беруге болмайды.

Мұсылманның үйіне аяқ киіммен кіруге болмайды. Үй иесі аяқ киіммен кірсе ғана рұқсат етіледі.

Қонаққа барғанда дәмнен бас тартпаған дұрыс, өйткені ол үй иесін жақтырмағандық немесе сыйламағандық деп қабылдануы мүмкін. Мұсылмандар өздерінің ежелгі қонақжайлық дәстүрлерін мақтан тұтып, оны қатты қадірлейді.

Сауд Арабиясында мұсылман емес шет елдің азаматтарына қасиетті Мекке пен Медина қалаларына баруға болмайды.

Осымен бірге, намаз оқып жатқан адамдардың арасымен жүруге болмайды. Мемлекеттік мекемелерді, шейхтардың сарайларын, әскери нысандар мен құрылыстарды фотоға түсіруге болмайды.

Жергілікті әйелдермен (жұмыстан тыс) араласу жәбірлеу деп саналып, ол үшін айыппұл салады. Әйел адамды фотоға түсіруге, оның артынан жүруге, алдыға өткізіп жіберуге болмайды. Ер адамдарды олардың рұқсатын алып барып қана фотоға түсіруге болады.

Басылымда берілген қарапайым кеңестер шетелде уақытыңызды жақсы өткізуге және демалуға көмектеседі деп сенеміз.

Осымен бірге, баратын еліңіз туралы, оның саяси жағдайы, климаты, заңдық және ұлттық дәстүрлерін, қоғамдық және басқа орындарда жүріп-тұру ерекшеліктерін қосымша біліп алғаныңыз дұрыс.

Сізге сәт сапар тілейміз!

Қосылған : 25.12.2013, 09:05, Өзгертілген : 5.11.2018, 17:50