Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2009 жылғы 6 наурыз.

ДАҒДАРЫСТАН ЖАҢАРУ МЕН ДАМУҒА

Қадірлі қазақстандықтар!

Қымбатты менің отандастарым!

Қазір бүкіл әлем жұртшылығы экономикалық дағдарыстың қиындықтарын бастан өткеруде.

Жаһандық дағдарыс дауылы алпауыт мемлекеттерді де шайқалта бастағанын бәріңіз көріп, біліп отырсыздар.

Дағдарыс салқыны бізді де айналып өткен жоқ.

Оқтын-оқтын айналып соғатын әр деңгейдегі дағдарыстарға біз бұған дейін де төтеп беріп келгенбіз. Тәуелсіздік шежіресін парақтасақ, күйреген Кеңестер империясының орнына жаңа мемлекет құру бізге оңайға түскен жоқ. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру - тақыр жерден тау тұрғызғанмен бірдей.

Ел болып ол қиындықтарды да еңсеріп өттік.

Өткен ғасырдың соңында Шығыс Азияда басталған кезекті дағдарыс тұсында тәуелсіздігіміз тағы да бір сынаққа түскен болатын.

Дер кезінде қабылданған дұрыс шешім, ұтымды іс-қимылдың арқасында біз одан да аман-есен өте шықтық.

Осылайша сындарлы жылдар мен күрделі кезеңдерде лайықты тәжірибе жинақтап,ысылып, шыңдала түстік.

Ел дамуының жаңа бағыттарын айқындап, қарыштап алға басумен болдық.

Сол сияқты қазіргі әлемдік дағдарыс та өткінші құбылыс.

Халқымыз мұндай күйзелістер кезінде «көппен көрген ұлы той» деп, сабыр сақтап, ынтымақ-бірлігін бекіте түскен. Қиындықтарды бірлесе жеңіп отырған.

Мемлекет дағдарыстың алдын алудың барлық шараларын жасауда. Ұлттық қордан бөлінген ауқымды қаражат қазір отандық экономиканың кідіріссіз жұмыс істеуіне қызмет ете бастады.

Әлеуметтік кепілдіктер толығымен сақталып отыр.

Олай болса, бұл дағдарыстан да біздің аман-есен өтетініміз айдан анық.

Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал, мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады.

Алдымызда бізді үлкен белес күтіп тұр. Ол – Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығы.

Дүние дамуымен есептегенде жиырма жыл деген көп те емес шығар. Бірақ, біз үшін үлкен кезең тұтас бір дәуірмен барабар.

Олай болатыны, тәуелсіздік - ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетінарман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты.

Сол себепті тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, маңызы айрықша.

Халқымыздың басына түскен қандай да бір сынаққа қарамастан біз тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы жасампаз істерімізді жалғастыра бермекпіз.

Барша қазақстандықтардың жұмған жұдырықтай бірлігінің арқасында біз алмайтын асу, біз жеңбейтін кедергі болмайды.

Солай боларына нақты сеніңіздер, құрметті отандастар!


Осының барлығына тереземіз тең, керегеміз кең ел болғанның арқасында қол жеткіздік, ел ретінде, қазақ ретінде, мемлекет ретінде мұндайлық сәулелі күн басымызға тәуелсіздіктің арқасында ғана қонғанын біздің ұрпақ ұмытпақ емес. Ел шежіресіндегі ерекше бұл белеске біз дайындықпен баруымыз керек. Қазірден бастап әр ауылдың кем-кетігін қалпына келтіріп, көгалдандырып, жолдарымызды жөндеп, үйлеріміздің ішін-сыртын әрлесек, елдің де көңілі көтеріле түседі.


Осының барлығына тереземіз тең, керегеміз кең ел болғанның арқасында қол жеткіздік, ел ретінде, қазақ ретінде, мемлекет ретінде мұндайлық сәулелі күн басымызға тәуелсіздіктің арқасында ғана қонғанын біздің ұрпақ ұмытпақ емес. Ел шежіресіндегі ерекше бұл белеске біз дайындықпен баруымыз керек. Қазірден бастап әр ауылдың кем-кетігін қалпына келтіріп, көгалдандырып, жолдарымызды жөндеп, үйлеріміздің ішін-сыртын әрлесек, елдің де көңілі көтеріле түседі.


Сондықтан қай жерде де бірімізге біріміз көмектесіп, білмейтіндер білетіндерге айтып жүруіміз керек. Осының өзі халықты біріктіре түсетін болады.


Қадірлі әлеумет!

Отандастарым!

Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін ол сондай қажет.

Ел басына күн туған нелер бір қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған осы ынтымағы мен бірлігі емес пе еді?

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы Кеңес дәуіріндегі басқа түскен үлкен зұлмат жылдарында да өзінің елдігін ынтымақ пен бірліктің арқасында сақтай білді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзге республикаларда қантөгістер мен қақтығыстар болып жатқанда, татулық пен бірліктің арқасында жас мемлекетімізді жасақтап, өтпелі кезеңнен шығынсыз өттік емес пе?!

Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде мен туған халқымның ынтымақ пен ауызбіршілік танытарына сенемін.

Сіздер өздеріңіз бас болып өзге отандас ағайындарға ұйытқы болыңыздар.Әрдайым кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлылық пен іскерлік көрсетіңіздер.

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген аталы сөзді бәріңіз білетін шығарсыздар.

Олай болса енді ұсақ-түйекті, берекесіз тірлікті доғарған жөн. Ел үшін, ұрпақ үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын кез келді, ағайын.

Баршаңызға іске сәт демекпін!

Қосылған : 6.12.2010, 10:00, Өзгертілген : 3.05.2016, 10:00