Қазақстан Елшісі Вьетнам Президентіне сенім грамоталарын табыстады

ХАНОЙ, 2019 жылғы 7 тамыз - Президент сарайында Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшісі Ерлан Байжанов Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті, Коммунистік партия Орталық Комитетінің Бас хатшысы Нгуен Фу Чонгқа сенім грамоталарын тапсырды.

Вьетнам басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қошемет сәлемін жеткізіп, қазақстандық дипломат Қазақстанның екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және нығайтуға мүдделілігін растады. 

Осы күні жаңадан тағайындалған Австралия, Армения, Германия, Үндістан, Колумбия, Малайзия, Марокко, Сауд Арабиясы және Таиланд елшілері де Вьетнам Президентіне сенім грамоталарын тапсырды.

Елшілермен топтық кездесу барысында  Вьетнам Президенті Нгуен Фу Чонг шетелдік дипломаттарға шын жүректен құттықтау білдіріп, олардың Вьетнамдағы жаңа миссиясына табыс тіледі. Вьетнам Президенті сондай-ақ елдің сыртқы саяси басымдықтары туралы қысқаша айтып, Вьетнамның сыртқы әлеммен достық қарым-қатынастарды дамытуға берік бейілділігін атап өтті.

«Вьетнам мен сіздер елшілері болып табылатын елдер арасындағы қарым-қатынастар өте жақсы дамып келеді. Мен бұл ынтымақтастық одан әрі нығая беретініне сенемін», – деді Нгуен Фу Чонг.

Фото: VNA

Қосылған : 7.08.2019, 19:50, Өзгертілген : 7.08.2019, 19:50