Шетелдік инвестицияларды тарту және экспортты ілгерілету

Қазақстан Республикасының ұлттық дамуға ресми көмек жүйесі

Қазақстан Республикасы көп жылдан бері Орталық Азия өңіріндегі және өзге де мемлекеттерге көмек көрсетіп келеді. Соңғы ақпараттарға сәйкес 20 жыл ішінде Қазақстан дамуға ресми көмек (бұдан әрі - ДРК) іспеттес мақсаттарға 450 млн. АҚШ долл. қаражат бөлді.

ДРК-ні жүйелендіру мен ҚР сыртқы саясатының басымдықтарымен сәйкестендіру, реципиент-мемлекеттерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мақсатында шетелдеріне бағытталған қаржылық, техникалық және т.б. көмек көрсету саласындағы ұлттық экономиканы дамыту, көмек көрсетуді қадағалау және халықаралық сахнада Қазақстан Республикасының рөлі мен беделін нығайту мақсатында 2013 ж. 9 сәуірінде ҚР Президентінің №538 «ҚР-ның ДРК саласындағы Тұжырымдамасын бекіту» Жарлығы шықты.

Аталған Жарлықты іске асыру шеңберінде 2014 жылғы 10 желтоқсанда Елбасы қол қойған «Дамуға ресми көмек туралы» және «ДРК қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңдары әзірленді. Бұл ретте, Қазақстан - ТМД кеңістігінде баламасы жоқ аталған заңды әзірлеген және қабылдаған алғашқы мемлекет болып табылады.

«Дамуға ресми көмек туралы» ҚР Заңының мақсаты Қазақстан Республикасымен ынтымақтастығы бар мемлекеттерге ДРК көрсетуге байланысты құқықтық қатынастарды реттеу болып табылады. Заң негізгі түсініктемелерді реттейді, мақсаттарды, міндеттерді және қағидаттарды айқындайды, дамуға ресми көмектің салалық басымдықтары белгіленеді, сондай-ақ дамуға ресми көмекті үйлестіру мен ұйымдастыруды бекітеді. Заңның орындалуы көрсетілетін дамуды жүйелендіруге және оны Қазақстан Республикасының сыртқы саяси мүдделерімен байланыстыруға мүмкіндік береді.

«ДРК туралы» ҚР Заңын іске асыру үшін Министрлік бірқатар нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, қабылдады. Олар – ҚР Сыртқы істер министрінің 2015 жылғы 6 ақпандағы «Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ДРК саласындағы өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекіту туралы» және «ДРК жобалық ұсынысының нысанын бекіту туралы» бұйрықтары.

ДРК туралы Заңға сәйкес, 2017 жылғы 31 қаңтарда ҚР Президентінің № 415 «Қазақстан Республикасының ДРК саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған негізгі бағыттарын бекіту туралы» (бұдан әрі - МСНБ) Жарлығы қабылданды. Аталған құжат, ең алдымен, географиялық және секторында басымдықтарды, қаржыландырудың нысандары мен тетіктерін, 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған өңірлік және жаһандық жағдайға, әлемдік дамудың күн тәртібіне негізделген дамуға ресми көмек саласындағы ҚР практикалық қызметінің негізгі параметрлері мен құралдарын анықтауға бағытталған.

Қазіргі таңда қазақстандық ДРК жүйесін қалыптастырудың күн тәртібінде 100%-дық мемлекеттің қатысуымен жұмыс атауы «KazAID» халықаралық дамуға жәрдемдесу қазақстандық агенттігі» АҚ ұлттық операторды құру мәселесі тұр.

ҚР ДРК туралы Заңының 6-бабының 3-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасының Үкіметі операторды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылдайды».

ҚР-дың БҰҰ Даму Бағдарламасымен және ЭЫДҰ-ның Дамуға жәрдемдесу комитетімен ынтымақтастығы

Тұжырымдаманы сәтті іске асыру мақсатында 2014 жылғы 31 қазанда ҚР Сыртқы істер министрлігі мен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Өкілдігі арасындағы «Қазақстандағы ұлттық ДРК жүйесін құру мақсатында сарапшылық қолдау көрсету» жобалық құжатқа қол қойылды, халықаралық озық тәжірибені зерделеуге, талдауға және оған сараптама жүргізу арқылы Қазақстан Республикасының ДРК-нің ұлттық жүйесін қалыптастырудағы қиындықтар мен проблемаларды тиімді шешуге көмектеседі.

ҚР-дың ДРК саласындағы жаһандық диалогқа және үйлестіруге қатысуының маңыздылығын ескере отырып, донор-елдердің негізгі және жалпыға ортақ клубы болып табылатын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Дамуға жәрдемдесу комитетімен (ДЖК) ынтымақтастықты орнату және оны тереңдету басым бағыттардың бірі болып табылады.

2015 жылғы шілдеде ЭЫДҰ Кеңесінің шешімі бойынша Қазақстанға ресми «шақырылған» мәртебесі берілді.

Қол жеткізілген мәртебеге сәйкес, ҚР СІМ, ЭЫДҰ-ның аталған құрылымдық бөлімшесімен өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыс органы ретінде бүгінгі күні 2013-2016 жылдар кезеңінде Қазақстан Республикасының шет мемлекеттерге көрсеткен көмегі туралы ДЖК-ге үш жинақталған статистикалық есеп берді.

ҚР мемлекеттік органдары ұсынған ақпараттарға сәйкес, екі жақты және көп жақты арналар арқылы, соның ішінде гуманитарлық көмекті қоса алғандағы аталған көмектің жалпы көлемі 2013 жылы - 20,1 млн. АҚШ долл., 2014 жылы 46,4 млн. долл., 2015 жылы -54,1 млн. долл., 2016 жылы 38 млн. долл. құрады.

Аталған мәліметтер ДЖК-нің онлайн ресми ресурсында https://stats.oecd.org/Index.aspx?DataSetCode=CRS1#, сонымен қатар ДЖК-нің даму саласындағы ынтымақтастық туралы «Annual Development Co-operation report» жыл сайынғы есебінде жариялануы ҚР-дың донор-ел ретінде халықаралық қауымдастық алдында ресми танылуы болып табылатынын атап өткен жөн.

ДРК саласындағы халықаралық ынтымақтастық

ДРК саласындағы тәжірибені зерделеу және халықаралық ынтымақтастықты тереңдету аясында ҚР-дың шешуші донорлармен (ЭЫДҰ мүше елдері, БҰҰ Даму Бағдарламасы мен БҰҰ-ның басқа да агенттіктері) және халықаралық даму институттарымен (Халықаралық қайта құру және даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азиялық даму банкі, Исламдық даму банкі) мазмұнды әріптестікке байланысты орнату бойынша жұмыс жүргізілуде.

Атап айтқанда, АҚШ халықаралық даму жөніндегі агенттігімен (USAID), Жапонияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігімен (JICA), Германияның халықаралық ынтымақтастық және даму жөніндегі қауымдастығымен (GIZ), Кореяның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігімен (KOICA), Словакияның халықаралық даму жөніндегі агенттігімен (SlovakAID), Чехияның халықаралық даму жөніндегі агенттігімен (CzDA) ынтымақтастық дамуда.

Қосылған : 19.05.2018, 11:45, Өзгертілген : 16.07.2018, 12:00