Қазақстан мен Мысырдың ғарыш саласындағы ынтымақтастығы жоғары әлеуетке ие

Ү.ж. 17 қыркүйекте Қазақстанның Каирдегі Елшісі Арман Исағалиев Мысырдың жаңадан салынып жатқан Ғарыш қалашығына барып, МАР Ғарыш агенттігінің атқарушы төрағасы Мұхаммед Ахмед әл-Кусимен кездесті.

Сұхбат барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен қазақстандық мамандандырылған компаниялардың Мысырлық Ғарыш агенттігімен ынтымақтастығын жандандыру жолдары талқыланды. Сұхбаттасушыға Қазақстанда ғарыш саласының дамуы туралы баяндамалық материал таныстырылып, онда отандық компаниялардың өнідірістік қуаттары көрсетілді.

Кездесу барысында Қазақстан тарапының мысырлық агенттікпен бірлесіп ғылыми және коммерциялық мақсатта шағын жасанды серіктер жасап шығаруға, Мысырдың қызметкерлері мен студенттерін «Ғалам» ЖШС арнайы зертханаларында дайындауға, сондай-ақ жасанды серіктер арқылы түсірілген суреттермен алмасуға дайындығы жеткізілді.

Сондай-ақ, Агенттік Басшысына 2019 жылғы 12-13 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстандағы ғарыш күндері - 2019» халықаралық форумына қатысып, «Ғарыш техникасын өндіру» секциясында баяндама жасауға, өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатында қазақстандық және шетелдік ғарыш саласының кәсіпорындарымен кедесулер өткізуге шақыру табысталды.

Өз кезегінде М.әл-Куси Қазақстанның ғарыш зерттеулері саласындағы жетістіктерін жоғары бағалай отырып, Мысыр тарапының елімізбен ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылығын растады. Оның айтуынша, 2012 жылы қабылданған ғарыш қызметі туралы қазақстандық заң ғарыш туралы мысырлық заң жобасын дайындау барысында негізге алынған. Сонымен қатар, агенттік басшысы Мысыр қазақстандық жасанды серіктер түсірген суреттерін бірнеше рет пайдаланғанынынөткен ақпанда Мысыр «Байқоңыр» космодромынан өзінің «Egyptsat-A» жасанды серігін ұшырғанын атап өтті. Ол Нұр-Сұлтанға сапармен барып, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға дайын екенін жеткізді.

Сонынмен қатар, қазақстандық дипломат ғарыш қалашығына сапары барысында жаңадан салынып жатқан жасанды серік жүйелерін жинау және сынау орталығымен, Агенттіктің сынақ зертханаларымен танысты.

2018 жылғы 16 қаңтарда МАР Преззиденті Әбдел-Фаттах әс-Сисидің Жарлығымен құрылған Мысыр Ғарыш агенттігі мемлекет басшысына тікелей бағынады. Агенттіктің Жоғары кеңесіне Президент төрағалық етеді. Оның құрамына Премьер-министр, қорғаныс, ішкі істер, коммуникациялар, қаржы, қорғаныс өнеркәсібі, жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрлері, сондай-ақ, жалпы барлау, әкімшілік бақылау басқармасының басшылары және агенттіктің атқарушы төрағасы кіреді.

Агенттіктің негізгі міндеттері ғарыш саласындағы мемлекеттің жалпы стратегиясын, жобаларды іске асыру бойынша жол картасын дайындау, Ұлттық ғарыш бағдарламасын орындау бойынша тиісті мемлекеттік органдардың жұмыстарын үйлестіру, оны қаржыландырудың көздерін бекіту болып табылады.

Қосылған : 18.09.2019, 08:30, Өзгертілген : 18.09.2019, 08:30