Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы қатынастар

Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі (САК) арасындағы дипломатиялық қатынастар 1994 жылғы 30 сәуірде орнатылды.

Қазақстан Республикасының Эр-Риядтағы Елшілігі 1996 жылдың мамыр айында ашылды.

2019 жылы наурыз айынан ҚР САК-гі Елшісі Берік Сақбайұлы Арын. Сауд Арабиясының Қазақстандағы Елшілігі 1997 жылдың наурыз айында ашылды.

САК Қазақстандағы Елшісі Захир бен Мутиш Аль-Анези (2017 ж. 11 сәуірден бастап). ‎


ҚР мен САК арасында өзара тиімді ынтымақтастықтың негізі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 1994 жылы Корольдікке ресми сапары барысында қаланды.
Екі ел арасындағы достық қатынастардың одан әрі нығаюына САК Премьер-министрінің екінші орынбасары, Қорғаныс және авиация министрі, Бас инспектор ханзада Сұлтан бен Әбділ Әзіздің (2005 ж. 1 тамыздан бастап Тақ мұрагері) 2000 жылғы Қазақстанға сапары және ҚР Президентінің 2004 жылдың наурызда өткен екінші ресми сапары өз септігін тигізді.
Өткен мерзімде екі ел арасында түрлі деңгейде бірқатар өзара сапарлар ұйымдастырылды.
Сауд Арабиясына ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев (1994 ж.), білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі Қ.Көшербаев (1997 ж.), Парламенті Сенатының төрағасы Ө.Байгелді мен Н.Әбіқаев (1997 және 2006 жж.), Жоғары сот төрағалары М.Нәрікбаев, Қ.Мами және М.Әлімбеков (1998, 2001 және 2010 жж.), Экология және табиғи ресурстар министрі С.Дәукеев (1998 ж.), Қорғаныс министрі С.Тоқпақбаев (2002 ж.), Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі М.Құл-Мұхаммед (2002 ж.), Әділет министрі О.Жұмабеков (2004 ж.), Сыртқы істер министрінің орынбасарлары А.Шәкіров және Н.Ермекбаев (2005 және 2008 жж.), Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Т.Мұсабаев (2009 ж.), Индустрия және сауда министрі Ә.Исекешев (2010 ж.), Ішкі істер министрі С.Баймағанбетов (2010 ж.), Конституциялық кеңестің төрағасы И.Рогов, Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы О.Жұмабековтің (2010 ж.) сапарлары болды.
Қазақстанға САК Консультативтік кеңесінің төрағалары Ибрагим бен Джубейр, Салех бен Хумейд және Абдалла Әл аш-Шейх (1998, 2006 және 2009 жж.) Әділет министрі Абдалла Әл аш-Шейх (2002 және 2008 жж.), Сауда және индустрия министрі Хашим әл-Ямани (2006 ж.), Дін, уақф және үндеу министрі шейх ‎Салех Әл аш-Шейх (2007 ж.), Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Низар Мадани (2008 ж.), Экономика және жоспарлау министрі Халед әл-Кусейби (2009 ж.), Туризм жөніндегі жоғарғы комиссиясының төрағасы ханзада Сұлтан бен Салман (2009 ж.), Денсаулық сақтау министрі Абдалла ар-Рабия (2010 ж.) сапар жасады.
2011 сәуірінде ҚР Сыртқы істер министрі Е.қазыханов ресми сапармен Риядта болып қайтты.
Сауд Арабиясы еліміздің инфрақұрылымын дамытуға белсенді қатысты. ҚР Парламенті Сенаты ғимараты (15 млн. долл. астам), Астана қаласындағы кардиоорталық (12 млн. долл.), Осакаровка-Вишневка көлік жолы (12 млн. долл.), Петропавл қаласындағы мешіт (2 млн. долл.) және т.б. жобаларды жүзеге асыруға гранттар бөлді.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-сауд үкіметаралық комиссиясының үш отырысы өтті – 1999 және 2009 жж. Астана қаласында, 2004 ж. Рияд қаласында.
Жыл сайын ‎‎4 мыңға жуық қазақстандықтар қажылық және умра жасау мақсатында Мекке және Медина қалаларына сапар шегеді.
ҚР мен САК арасындағы тауар айналымының көлемі 2011 жылы 14 млн. долл. құрады.
Қазақстан-сауд қатынастарының шарт-құқықтық базасы 14 құжатқа негізделген.

Қосылған : 4.12.2013, 11:35, Өзгертілген : 25.03.2019, 12:25