​Ташкент қаласында Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы өтті

ТАШКЕНТ, 2019 жылғы 13 наурыз - Өзбекстан астанасында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев және Өзбекстан Инвестициялар және сыртқы сауда министрінің орынбасары Лазиз Кудратовтың қатысуымен Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы өтті.

Іс-шараның жұмысына мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және екі елдің іскер топтарының 200-ден астам өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Е. Көшербаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту үшін сауданы ұлғайту, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру және көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту үш негізгі бағыт болып табылатынын атап өтті.

Сондай-ақ, отырыс шеңберінде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен экспорттық әлеуеті туралы, екі бауырлас елдің сауда-экономикалық әріптестігін одан әрі дамытуға бағытталған бірлескен ынтымақтастық пен перспективалар туралы баяндалды.

Бизнес-форум аясында Қазақстан және Өзбекстан кәсіпкерлері арасында B2B форматында екі жақты кездесулер өткізілді, оның шеңберінде агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс, химия саласы, машина жасау және т.б. салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Бизнес-форум Қазақстан Сыртқы істер министрі, «Атамекен» ҚР ҰКП және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Өзбекстанның сауда-өнеркәсіп палатасының ұйымдастыруымен өткізілді.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2,488 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 25,3% -ға жоғары. Қазақстаннан экспорт 31,6% -ға өсіп,
1,643 млн. долларын құраса, Өзбекстаннан импорт 14,8% - ға өсіп, 845 млн. долларын құрады.

Қосылған : 13.03.2019, 18:00, Өзгертілген : 13.03.2019, 18:00