Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркі кеңесі Мажарстанда өкілдігін ашты

2019 жылғы 19 қыркүйекте Будапештте Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК) сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы мен Мажарстанда ТМЫК өкілдігін ашу салтанаты болды. Аталған іс-шара барысында Будапештте ТМЫК өкілдігін ашу туралы меморандумға қол қойылды.  

Өз сөзінде ҚР Мажарстандағы Елшісі Нұрбах Рүстемов ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың түркі ұйымы-ТМЫК құруға қосқан қомақты үлесін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына сай Қазақстан түркі әлемінің рухани орталығы мен бесігі екенін, басқа елдер мен өңірлердің тарихи процестеріне елеулі үлес қосқан түркі тайпалары мен халықтарының күллі дүниеге тарағанын да атап өтті. Осылайша, елдеріміздің ортақ тарихы мен мәдениеті ТМЫК мүше елдер мен Мажарстан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға кепіл болады.

         Сонымен қатар, ТМЫК СІМ кеңесінің отырысында тараптар 2019 жылғы 15 қазанда Бакуде өтетін ТМЫК 7-ші Саммитінің мәселелерін де талқылады.

Іс-шара аясында Мажарстан Премьер-министрі В.Орбан резиденциясында ТМЫК мүше елдер делегацияларының басшылары мен ТМЫК Бас хатшысы Б.Әміреевті  қабылдады.

ТМЫК ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылғы 3 қазанда құрылған. Қазіргі таңда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Түркия ТМЫК мүше мемлекеттері болып табылады. Мажарстан ТМЫК байқаушы ел мәртебесіне ие.   

Қосылған : 19.09.2019, 14:45, Өзгертілген : 19.09.2019, 14:45