Гаванада Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш қояды

11-14 желтоқсан аралығында Қазақстанның Канададағы Елшісі және Кубадағы Елші қызметін қоса атқарушысы Ақылбек Камалдинов жұмыс сапармен Гаванада болып, сапар шеңберінде Куба Мәдениет министрлігінің басшылығы – Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Роза Родригеспен және Мәдениет саласындағы индустрия мен қызмет түрлері жөніндегі директоры Карлос де ла Йерамен кездесті.

Тараптар сұхбат барысында Гаванада Кеңес Одағының батыры және Қазақстанның Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының бюст ескерткішін орнату туралы жоспарды талқылады. Кездесуге қатысқан кубалық скульптор Томас Лара аталған жоба бойынша жұмыс істеу үлкен құрмет және жауапкершілігі мол миссия екендігін атап өтті. Скульптура қаланың орталық бөлігінің Ведадо тарихи аймағындағы Кальсада паркінде орналасатын болады.
Келіссөздердің қорытындылары бойынша меморандумға қол қойылды, ол тараптардың Куба астанасында Б.Момышұлы бюстінің ашылуы туралы келісімді бекітті. Ең алғаш қазақ халқының аты аңызға айналған батырының атын мәңгілікке қалдыру туралы бастаманы 2016 жылғы сәуірдегі Гаванаға ресми сапары барысында ҚР Президенті Н.Назарбаев айтқан болатын. Б.Момышұлы 1963 жылы Рауль Кастроның жеке шақыруы бойынша Кубаға барып, әскери шеберлік туралы лекциялар оқып, ел басшылығымен кездесіп, елу бірінші Революциялық Әскери күштер полкының құрметті командирі атағына ие болғаны белгілі. Фидель Кастро өзінің сұхбаттарының бірінде: «Кімді Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры деп атар едіңіз?» деген сұраққа: «Александр Бектің «Валоколам тасжолы» кітабының кейіпкері – қазақ Момышұлыны» деп жауап берген екен.

Сондай-ақ, кездесуде мәдени, атап айтқанда, опера, цирк өнерлері саласындағы өзара қарым-қатынасты кеңейту мәселелері және Қазақ ұлттық хореография академиясы және Куба ұлттық балет мектебі арасында ынтымақтастық орнату перспективалары талқыланды.

Сонымен қатар, А.Камалдинов Куба Республикасының батыры, Халықтар достығы институтының (ICAP) президенті, 17 жыл АҚШ-та қамауда болған Куба барлаушыларының «ержүрек бестігінің» мүшесі Фернандо Гонсалеспен кездесті. Ол Қазақстан және Куба халықтарының арасындағы достық байланыстар әрі қарай күшейе түсетініне сенімін білдіріп, қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 27 жылдығымен құттықтады.

Сол күні аталған Институтта ұйымдастырылған ҚР Тәуелсіздік күні құрметіне қабылдау барысында кубалық әртістер өнер көрсетіп, классикалық және заманауи композиторлардың шығармаларын орындады.

Қосылған : 15.12.2018, 16:00, Өзгертілген : 15.12.2018, 16:00