ҚР Сыртқы істер министрлігінде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы диалог алаңының отырысы өтті

2018 жылғы 8 ақпанда ҚР Сыртқы істер министрлігінде Министр Қайрат Әбдірахмановтың төрағалығымен Консультативтік-кеңесші органның (ККО) үстіміздегі жылғы бірінші «Адами өлшем бойынша диалог алаңы» отырысы өтті.

Өз сөзінде Қ. Әбдірахманов ККО-ның Қазақстандағы маңызды әлеуметтік-саяси процестерді талқылауға арналған диалог алаңы ретіндегі бірегейлігін атап өтті. ККО мемлекеттік саясаттың ашықтығы мен азаматтық қоғаммен диалогқа бейілділігінің дәлелдерінің бірі болып табылады.

ККО құрылғаннан бері талқылаудың мазмұны мен өзектілігі төмендемемей, керісінше конструктивті бағытта қозғалған тақырыптарға байланысты артқаны атап өтілді.

«Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласындағы барлық негізгі халықаралық құжаттардың қатысушысы болып табылады. Бұл еліміздің адам құқықтарын қорғау құндылықтары мен қағидаттарына, сондай-ақ ұлттық құқық қорғау жүйесін нығайтуға деген айнымастығын көрсетеді», - атап өтті Министр.

Қазақстанның азаматтық қоғам өкілдері ККО қызметіне қолдау көрсету мәселесіне кезекті рет назар аударды. Мысалы, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро директоры Евгений Жовтис ККО рөлін оң бағалап, ККҚ аясында талқыланған құқық қорғау аспектілерін іс жүзінде орындау маңыздылығын атап өтті. Құқық қорғаушы аталған диалог алаңының бірегейлігін және оның алдағы уақытта жұмысын жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Отырыс барысында 2018 жылға арналған ККО жұмыс жоспары қабылданды. Үстіміздегі жылы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бірлескен жұмыс бойынша нақты ұсыныстар енгізді.

Отырыс барысында ККО мүшелері БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитеті ұсынымдарының орындалуын қарастырды. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Төрағасының орынбасары Елена Тарасенко және Қазақстандағы «Дағдарыстық орталықтар одағы» ЗТҰ төрайымы Зульфия Байсакова баяндама жасады. Қазақстан Республикасындағы әйелдердің құқықтарын сақтау мәселесі бойынша пікір алмасу өтті.

Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары Жамбыл Ахметбеков, Светлана Бычкова, Мұхтар Ерман, Меруерт Қазбекова, Артур Платонов, сондай-ақ ҚР мемлекеттік органдардың өкілдері және ҚР Президентi жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия хатшысы Тастемір Әбішев қатысты. Азаматтық қоғам өкілдері Е. Жовтис, Жемис Турмагамбетова, Зульфия Байсакова, Тамара Калеева, Бахыт Туменова, Анара Ибраева, Айгуль Соловьева қатысты. Қазақстандағы БҰҰ, ЕҚЫҰ, Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігі (USAID) және Сорос-Қазақстан Қоры сияқты ұйымдар өкілдіктерінің басшылары бақылаушылар ретінде қатысты.

Қосылған : 9.02.2018, 17:50, Өзгертілген : 9.02.2018, 17:50