Нұр-Сұлтанда Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия қатысушылар тараптары Ассамблеясының сегізінші отырысы өтеді


          2019 жылғы 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі алаңында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифингі өтті.

          Іс-шараны ашқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко сыбайлас жемқорлықты жою бойынша мемлекеттің бірізді және жүйелі жұмысын атап өтті. Бұның маңыздылығы туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған. Сонымен қатар, Р.Василенко мемлекет басшылығымен Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер Тобына қосылу туралы шешім қабылданғанын және ол жақын арада рәсімделетінін хабарлады.

Өз кезегінде Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов дипломатиялық қауымдастыққа Нұр-Сұлтан қаласында ү.ж. 2-4 қазан аралығында өтетін Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия қатысушылар тараптары Ассамблеясының сегізінші отырысы өтетінін жеткізді.

Ол өз сөзінде жоғары жылдамдықпен өзгеріп келе жатқан әлем жағдайында сыбайлас жемқорлықпен күресу саласындағы халықаралық тәжірибе және озық әдістермен алмасу маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.

Жаңа тәсілдер сапалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім мен мамандардың білікті дайындығын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресу мен оны алдыналудың жаңа тәсілдерін талап етеді.  

Бұл бағытта 2010 жылы құрылған Академия айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, сол арқылы өзіне халықаралық қауымдастық назарын аударуда.

Оның ерекшелігі – халықаралық ұйым мен білім беру орны мәртебелерін қатар иемденуінде. Қазіргі таңда Ассамблеяға 75 мемлекет және 3 халықаралық ұйым қатысуда.

«Ассамблеяның кезекті отырысын өткізуге алаң бере отырып біз тек Академия миссиясын орындауға қолдау көрсетіп қана қоймаймыз, сонымен қатар көптеген елдердің қатысуы арқасында жинақталған тәжірибені сақтап, жаңа кәсіпқой буынға жеткізуге мүмкіндік аламыз», - деді О.Бектенов.




Қосылған : 21.09.2019, 21:20, Өзгертілген : 21.09.2019, 21:20