Гааганың «Sociëteit De Witte » атты көне қоғамдық-саяси клубында жыл қорытындыланды

Шараны ашу барысында ҚР Елшісі Мағжан Ілиясов Қазақстан биылғы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі жұмысын сәтті аяқтауға жақын және постқауіпсіздік кеңестік жұмысын одан әрі жалғастырмақ ниетте екенін атап өтті.

Елші сонымен қатар пікірталасқа қатысушылар назарын 2018 жылы әлемдік қоғамдастықта орын алған шиеленістер мен сынақтарға аударды. Ол - жаһандық ірі мемлекеттер арасындағы толассыз қақтығыс, санкция ауыртпалықтары мен сауда жанжалдары, Таяу шығыс дауы, лаңкестік пен экстремизмнің шиеленісуі, қиберқауіпсіздік пен сандық ақпарат қауіпсіздігі мәселелері.

Сонымен қатар, Қазақстан кетіп бара жатқан жылы өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы тиімді әрекеттерімен жалпы әлемдік қауіпсіздік құрылымының нығаюына айтарлықтай үлес қосты.

Атап айтқанда, Астана Сирия күйзелісін реттеудегі әлемдік бітімгерлік алаңына айналды, Ливандағы шиеленіскен жағдайды тұрақтандыруға құрылған ортақ қазақстандық-индиялық бітімгерлік батальоны құрамына қазақстандық әскерлер енді, еліміздің бас қаласында ауғандық әйелдердің құқығы мен экономикалық мүмкіншіліктерін ұлғайтуға қатысты бірінші халықаралық конференция өтіп, Әлемдік дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті съезі өз жұмысын тәмәмдады.

Клубта өткен пікірталас барысында «Where the wind blew» атты кеңестік дәуірдің Семейде орналасқан ең ірі ядролық сынақ полигонының жабылуы туралы ағылшын кинорежиссері Андрэ Сингер түсірген деректі фильмнің көрсетілімі болып, пікірталасқа қатысушылар бұған қатысты өз ойларымен бөлісіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту жолындағы ерекше ролін атап өтті.

«Ядролық қарудың таралмауын және тыйым салынуын қолдайтын парламент мүшелері» үкіметтік емес ұйымының өңірлік координаторы М.Нұржан «Қазақстан бүгінде жаппай қырып-жою қаруының таралмауы және жойылуымен күрес жолында әлемдік көшбасшыға айналды, бұның айғағы ретінде жаһандық ядролық қаруға қарсы «АТОМ» петициялық жобасын атауға болады». Жас парламентарийдің пікірінше, аталған петицияға ядролық арсеналы бар елдермен қоса, барша әлемдік қауымдастық қосылуы тиіс.

Пікірталас нәтижесін қорыта келе, голландтық ғалымдардан, үкіметтік емес ұйымдар мен Парламент мүшелері, БАҚ өкілдерінен құралған қатысушылар қазіргі таңдағы әлемдік тұрақтылыққа төнген қауіптің ұлғаюы барысында Қазақстанның бітімгерлік бастамалары өз өзектілігімен және көкейтестілігімен маңызды екенін атап өтті.

Пікірталас спикерлерінің бірі Нидерланд Парламенті депутаты және үстіміздегі жылы қазан айында Астанада өткен Әлемдік дәстүрлі діндер лидерлерінің 6 съезіне қатысушы Р. Ганзевурт, аталмыш діни конгресс әлемдік рухани лидерлер арасындағы маңызды диалогтық көпірге айналғанын атап өтті. Саясаткердің айтуынша, дін де саясат сияқты қоғамға әсер етудің маңызды тетігі, алайда діннің мақсаты қоғамдық алауыздық туғызу емес оны ауызбіршілікке біріктіру және қайырымдылық, бейбітшілік, толеранттық сынды құндылықтарды кеңінен уағыздау.

Шараның аяқталуына таман қазақстандық документалистердің фотожұмыстары көрсетіліп, қатысушылар Қазақстан жерінде орналасқан ірі ядролық полигондардың бірінің ашылуынан жабылуына дейінгі тарихын бейнелейтін суреттер мен сынақ зардабынан жапа шеккен адамдардың ауыр тағдырының галереясын көрді.

Қосылған : 25.12.2018, 07:00, Өзгертілген : 25.12.2018, 07:00