Варшавада ЕҚЫҰ ДИАҚБ адами өлшем жөніндегі кеңесі жалғасуда


          Польша астанасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) жөніндегі жылсайынғы кеңесі өз жұмысын жалғастыруда.

          Форумның бірінші аптасы барысында қатысушылар пікір білдіру еркіндігін сақтау, БАҚ және ақпарат бастандығы, журналистер қауіпсіздігі, бейбіт жиналыстар мен бірлестіктер және діни сенім еркіндігі мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, күн тәртібі демократиялық сайлау жүргізу, демократиялық институттардың жұмыс істеуі, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен және адам саудасымен күресу шараларын пысықтауды қамтыды.

ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі Комиссиясының (АҚК), сыртқы істер, ақпарат және қоғамдық даму, ішкі істер министрліктерінің, Орталық сайлау комиссиясының (ОСК), адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық (АҚҰО) және Бас прокуратура өкілдерінен құралған Қазақстан Республикасының делегациясы отырысқа белсенді атсалысуда.

Демократиялық сайлау жөніндегі сессияда сөз сөйлеген ҚР ОСК мүшесі З.Баймолдина Қазақстан ЕҚЫҰ аясында демократиялық сайлау кампанияларын өткізу жағынан барлық міндеттерін орындап келе жатқанын атап өтті. ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттерімен тиімді ынтымақтасу үшін және саясиландыру күдігін болдырмау мақсатында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларына нақты бұзу фактілерін келтіре отырып, оларды сапалы жою бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар енгізу қажет екеніне назар аударылды.

АҚК хатшысы Т.Әбішев ЕҚЫҰ мүше мемлекеттеріне Комиссияның және ҚР СІМ жанындағы «Адами өлшем жөніндегі үнқатысу алаңы» консультативті-кеңес органының билік пен азаматтық қоғам арасындағы үнқатысу мен өзара ықпалдастық орнату жөніндегі тәжірибесін қолдануды ұсынды. Сонымен қоса, АҚК елдегі өңірлерде құқыққорғау механизмдері бойынша оқытатын семинар-тренингтер өткізу жөніндегі қызметімен, сондай-ақ қандастардың (оралмандардың), азаматтығы жоқ тұлғалардың, босқындардың, еңбек мигранттары мен адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау жобаларымен таныстырды. Сонымен қатар, Т.Әбішев Қазақстанның азаматтық қоғам өкілдерін ҚР сайлау заңнамасын жетілдіруде белсенді атсалысуға шақырды.

ҚР АҚДМ Ақпарат комитетінің өкілі М.Комиссаров отандық медиа саланы модернизациялау, мықты және бәсекеге қабілетті БАҚ-ты дамыту, мемлекет пен қоғам және медиа-нарықтың кәсіби қатысушыларымен байланыс орнату жөніндегі жүзеге асырылып жатқан іс-шаралармен таныстырды. Қазіргі таңда азаматтардың ақпараттық саладағы құқықтарын қорғау механизмдерін күшейтуге, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын ұлғайтуға және ұлттық ақпараттық кеңістіктің үйлесімді дамуына жол ашатын ақпарат жөніндегі заңнамалық актілерге өзгертулер енгізу туралы жаңа Заң жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны аталып өтілді.

АҚҰО жетекшісі С.Оспанов қатысушыларды ҚР адам құқықтары жөніндегі Уәкілі институтын күшейтуге бағытталған қадамдармен және оның негізгі қызмет аясымен, соның ішінде зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша алдын-алу механизмінің үлттық үйлестіруші ретіндегі рөлімен таныстырды.

Бейбіт жиналыстар мен бірлестіктерге еркіндік құқығы жөніндегі сессия барысында ҚР Бас прокуратурасының өкілі А.Саргазин ҚР Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған тапсырмасымен қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингтер, шерулер, пикеттер мен наразылық білдірулер ұйымдастыру мен өткізу туралы» Заңды жетілдіру мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті. Бірлестіктер еркіндігі бойынша коммерциялық емес ұйымдардың қызметі жөніндегі заң жобасының тұжырымдамасын жасап шығару жұмыстары басталғаны айтылды.

ҚР АҚДМ дін істері жөніндегі комитетінің өкілі Н.Шубаев Қазақстан тарапы діни бостандық пен адам құқықтары мәселелері бойынша конструктивті үнқатысуға ашық екенін және бұны мемлекеттің діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдармен белсенді консультацияларынан, соның ішінде АҚДМ жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес аясындағы өзара ықпалдастықтан байқауға болатынын жеткізді. Сондай-ақ, отырыс қатысушылары ү.ж. қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары Құрылтай Хатшылығының 18-ші отырысы өтетіні туралы ақпараттандырылды.

ҚР ІІМ өкілі В.Яценко мемлекеттің гендерлік теңдік, әйелдергі қатысты зорлық-зомбылық пен адам саудасын алдын-алу мен күрес саласында қолға алып отырған негізгі бағыттарымен таныстырды.

Екі апталық іс-шара кеңестің қорытындысын шығару мен ЕҚЫҰ институт басшыларының қорытынды сөздерінен кейін 2019 жылдың 27 қыркүйегінде өз мәресіне жететін болады.

Қосылған : 21.09.2019, 21:25, Өзгертілген : 21.09.2019, 21:25