Прагада ЕҚЫҰ-ның 27-ші Экономика және қоршаған орта қорытынды форумым өтті

2019 жылғы 11-13 қыркүйекте Прага қаласында өткен «Энергетика саласындағы ынтымақтастық, жаңа технологияларды енгізу, цифрландыру дәуірінде тиімді басқару мен өзара байланыстықты қамтамасыз ету арқылы ЕҚЫҰ өңірінде экономикалық прогресс пен қауіпсіздікке ықпал ету» тақырыбындағы ЕҚЫҰ-ның 27-ші Экономика және қоршаған орта форумында Қазақстанның цифрландыруды дамыту мен елдің жасыл экономикаға көшуі саласындағы стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыру жоспарлары, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауының негізгі қағидалары таныстырылды.

Осы іс-шараны ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төраға мемлекеті - Словакия мен ЕҚЫҰ-ның Экономикалық және қоршаған орта қызметі Үйлестірушісінің офисі 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Вена мен Братиславада орын алған екі дайындық кездесудің қорытындысы бойынша ұйымдастырды.

Үш күндік пікірталас барысында мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, халықаралық құрылымдар мен жеке сектордың аға лауазымды өкілдері, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттері ғылыми орталықтарының сарапшылары энергетикалық қауіпсіздік, цифрландыруды дамыту, жаңа технологиялар, көлік жүйелері мен «ақылды қалалар», энергетика саласының қоршаған ортаға әсері және цифрлық трансформация мен тиімді басқарудың цифрлық дәуірдегі қоғамға ықпалы сынды бірсыпыра кең ауқымды мәселелерді талқылады. 

Форумның жұмысына ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы Төрағасы, Сыртқы және еуропалық істер министрі Мирослав Лайчак, Чехия Республикасының Сыртқы істер министрі Томаш Петричек, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингер және Албанияның Еуропа мен сыртқы істер жөніндегі министрінің орынбасары Этьян Джафай және басқалар қатысты. 

ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Сарыбай өз мәлімдемесінде Іс басындағы словак төрағалығының екінші өлшемдегі басымдықтарына қолдау білдірді. Сондай-ақ, Қазақстанның төрағалығымен «ЕҚЫҰ өңірінде қоршаған ортаның зардаптарын шектеу жөніндегі күш-жігерді қолдау» тақырыбына арналған 2-ші панельдік сессия өткізілді. Оның барысында Албанияның, Әзербайжан, Ресей, Сербия мен Өзбекстанның өкілдері энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін экологиялық проблемаларды шешудегі, сондай-ақ цифрландыруды дамыту мен «жасыл экономиканы» дамытудағы өз елдерінің тәжірибелерімен бөлісті. 

Форум аясында «Ақылды қалалар: тұрақты алға ілгерілеу» тақырыбына арналған арнайы іс-шара өткізіліп, оның аясында Базель, Нұр-Сұлтан және Тирана қалаларының жоғары лауазымды өкілдері ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерді «ақылды қала» тұжырымдамасын дамыту саласындағы  жетістіктерімен таныстырып өтті.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің өкілдері Форумның пікірталастарына белсенді түрде қатысты. 

Форум аясындағы талқылаулардың қорытындылары бойынша ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер әзірлеген ұсыныстар 2019 жылғы желтоқсанда Братиславада өтетін ЕҚЫҰ-ның Министрлік Кеңесінде тиісті шешімдерін әзірлеуге негіз болады.

Экономика және қоршаған орта форумы ЕҚЫҰ екінші өлшемінің аясындағы кездесулердің негізгі іс-шарасы болып табылады. Оның мақсаты ЕҚЫҰ-ға қатысушы 57 мемлекеттің экономикалық-экологиялық проблемаларын, сондай-ақ қауіпсіздікке, озық тәжірибе алмасуға, халықаралық ұйымдармен, іскерлік және ғылыми орталармен, азаматтық қоғаммен диалогқа арналған платформаларды қамтамасыз етудегі сұраныстары мен басымдықтарын анықтау болып табылады.

Қосылған : 19.09.2019, 16:40, Өзгертілген : 19.09.2019, 16:40