«Бәсекеге қабілетті Қазақстан» атты екінші Қазақстан-америкалық бизнес форум

АСТАНА, 2018 жылғы 16 мамыр – Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде Астана экономикалық форум (Global Challenges Summit) қарсаңында «Бәсекеге қабілетті Қазақстан» атты екінші Қазақстан-америкалық бизнес-форум өтті.

Іс-шараға Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, әділет, ақпарат және коммуникациялар министрліктерінің басшылығы, Қазақстан мен АҚШ-тың 50-ден астам компаниялары, соның ішінде америкалық Жеке шетелдік инвестициялар корпорациясы (OPIC), және Дүниежүзілік банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) өкілдері қатысты.

Өз сөзінде А. Мамин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ү.ж. қаңтарда жасаған ресми сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы туралы айтып берді. Сонымен қатар, форумға қатысушылар Қазақстандағы іскери ортаны одан әрі жақсартуға бағытталған іс-қимыл, сондай-ақ жаңғырту, әртараптандыру және цифрландыру жөніндегі мақсаттарды орындау барысы туралы егжей-тегжейлі мәлімет алды.

Осы жылы Форумды ұйымдастырушылар – Халықаралық түсіністік жөніндегі іскери кеңес, Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі және «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы серіктестіктің жаңа перспективалық бағыттарына назар аударды. Тараптар агроөнеркәсіптік кешен, медицина, ақпараттық технологиялар, қаржы және киноиндустрия салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру мүмкіндіктерін, сондай-ақ Қазақстандағы зияткерлік меншікті қорғаудағы прогресті талқылады.

Форум аясында екі жақты келіссөздер өтті. «Valmont Industries», «AGCO-GSI», «Global Beef» және «Animart» компаниялары Ауыл шаруашылығы министрлігінің және қазақстандық аграрлық бизнес өкілдерімен кездесулер өткізуге ниетті. Медицина саласындағы американдық көшбасшылар – «Pfizer», «Medtronic», «Ecolab» – бизнесті дамыту және қазақстандық мамандарды даярлауға мүдделі. «MasterCard», «Autodesk» және «Microsoft» жоғары технологиялық компаниялары ұлттық экономиканы цифрландыру жобаларына белсенді қатысуға дайын.

Қазақстанға алғаш рет «Comcast NBC Universal» компаниясының басшылығы келіп, қазақстандық тараппен киноиндустрия және ойын-сауық саласындағы ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізді.

Жалпы, Форум 2018 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары нәтижесінде қол жеткізілген коммерциялық уағдаластықтардың орындалуын талқылау үшін тиімді алаң болды. Талқылау нәтижесінде келесі 3-ші «Бәсекеге қабілетті Қазақстан» атты бизнес-форумды Қазақстанның сыртқы саясатын экономизациялау аясында 2019 жылы Астанада өткізу ұйғарылды.

Америкалық қатысушыларының форумға келу бағдарламасы АЭФ-2018 жұмысына қатысуды көздейді.

Қосылған : 16.05.2018, 15:00, Өзгертілген : 16.05.2018, 15:00