Вышеград тобы және Орталық Азия министрлері бас қосты

БУДАПЕШТ, 2018 жылғы 27 ақпан. Вышеград тобы және Орталық Азия форматындағы сыртқы істер министрлерінің алғашқы кеңесі Орталық Азия – Орталық Еуропа өзара іс-қимылын жандандыру мәселелеріне арналды.

Ынтымақтастықтың бұл жаңа форматын мажар үкіметі еуропалық континент шегінен тыс әріптес елдермен өзара іс-қимылды күшейту міндетін алға қоя отырып, «Вышеград біріктіреді» (“V4 Connects") ұранымен өтетін Вышеград тобында бастама жасады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Вышеград тобының интеграциялық тәжірибесі қазіргі кезде серпін алған Орталық Азиялық өзара іс-қимыл үшін өте пайдалы екенін атап өтті. Министр Президент Н.Назарбаев Орталық Азия елдерін өңірдегі өзекті проблемаларды шешу үшін күш біріктіруге шақыратынына әріптестерінің назарын аударды.

Қазақстан СІМ басшысы Орталық Азия мен Вышеград тобының ықтимал өзара іс-қимылының нақты салаларын атады. Олардың қатарына білім беру мен адами капитал, цифрландыру мен озық технологияларды пайдалану, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің алаңында құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «жасыл» технологияларды дамыту орталығы мен ІТ-стартаптар паркі шеңберіндегі ынтымақтастық кірді.

Министр «Вышеград тобы» брендінің табысқа жетудегі маңызды факторының бірі басқа мемлекеттермен және бірлестіктермен диалог жүргізу мен ынтымақтастық орнатуға ашықтығы болып табылатыны жөнінде пікірін білдірді. Төрттік әріптестерінің арасында жақын көршілері мен Канада немесе Жапония сияқты географиялық алшақ жатқан елдерді де көруге болатыны кездейсоқтық емес. Топты әрбір әріптеспен өзара тиімді бірлескен жобалар біріктіретіні назар аударуға тұрады.

Отырыста қатысып отырған барлық мемлекеттердің өкілдері ұсынылған форматтағы өңіраралық өзара іс-қимыл мен қарқынды диалогты жалғастыруға ерекше мүдделік білдірді.

Осы күні Орталық Азия елдерінің министрлерін Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қабылдады. Мажарстанның ОА елдерімен өзара қарым-қатынастарының тұтастай ауқымы бойынша ашық әрі пайдалы пікір алмасу болды. Кездесу барысында Қазақстан СІМ жетекшісі екі ел басшылығының арасындағы жылы және сенімді қарым-қатынастар Қазақстан-Мажарстан белсенді ынтымақтастығы мен стратегиялық әріптестіктігінің кепілі болып табылатынын айрықша атап өтті.

Мажарстанды, Польшаны, Словакияны және Чехияны біріктіретін Вышеград тобы мүше елдер үшін ортақ еуропалық интеграция мәселелерін шешуде өзара қолдау көрсету мақсатында 1991 жылы құрылды. Қазіргі таңда Төрттік ЕО-дағы ортақ міндеттерді шешуге назарын аударады. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық әлеуетін іске асыруға да елеулі мән беріледі.

В.Орбанмен Орталық Азия елдерінің министрлерінің фотосуреті - Botár Gergely/kormany.hu

Қосылған : 27.02.2018, 19:25, Өзгертілген : 28.02.2018, 05:25