Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Өкілімен кездесу өткізді



НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 11 қыркүйек –Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) «БҰҰ-Әйелдер» гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымы арасындағы «БҰҰ-Әйелдер» Қазақстандағы Елдік офисінің құқықтық мәртебесіне қатысты ноталармен алмасу нысанындағы келісімді жасасудың ресми рәсімі өтті.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Қазақстандағы бағдарламалық қызметі Үкіметіміздің басымдықтарына, БҰҰ даму саласындағы әріптестік негіздемелік бағдарламасына және 2030 жылға дейінгі Күн тәртібіне сәйкестігін  атап өтті. 

Қазақстан Үкіметі «БҰҰ-Әйелдер» Нұр-Сұлтан қаласындағы елдік офисімен гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша бағдарламалық қызметі шеңберіндегі сындарлы өзара әрекеттестікті жалғастыруды маңызды санайды.  

«Бұл іс-шараның Қазақстан Үкіметінің гендерлік теңдік және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне белсенді көңіл бөлуі аясында өткені қуантуда. Ағымдағы жылдың күзінде Женевадағы БҰҰ Комитетінде Қазақстан Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы конвенция аясындағы міндеттемелерін орындау туралы 5-ші баяндамасын ұсынады, сондай-ақ Бейжің декларациясы мен «Бейжің+25» іс-қимыл платформасын іске асыру бойынша өңірлік кеңестерге қатысады».

«БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Қазақстандағы Өкілі Илейн Конкиевич өткен іс-шараның Қазақстан Үкіметінің елдегі гендерлік күн тәртібін іске асыруға деген міндеттемесін растайтынына сенімділігін атап өтті. 

«БҰҰ-Әйелдер» - Біріккен Ұлттар Ұйымының мүше мемлекеттеріне гендерлік теңдікке жету жолында халықаралық стандарттарды орнатуда қолғабыс көрсететін, үкіметтермен және азаматтық қоғаммен осы стандарттарды іске асыруда қажетті заңдарды, саясатты, бағдарламалар мен қызметтерді әзірлеу кезінде ынтымақтастықты іске асыратын гендерлік теңдік және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту бойынша құрылымы. Ұйымның қызметі 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған жаһандық даму күн тәртібін - әйелдер мен қыздардың мүдделеріндегі Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жүзеге асыруға, сонымен қатар олардың өмірдің барлық салаларында тең қатысуына жәрдемдесуге бағытталған.

            БҰҰ-Әйелдердің Қазақстандағы стратегиялық басымдықтары ретінде ОДМ-ын, гендерлік теңдік пен әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту саласындағы жаһандық нормаларды, саясат және стандарттарды іске асыруға жәрдемдесу; көшбасшылықты ынталандыру, әйелдердің мемлекеттік басқаруға тең қатысуы; әйелдерге кепілдендірілген табыс, лайықты жұмыс және экономикалық тәуелсіздік беру, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін жою.

Қосылған : 10.09.2019, 12:20, Өзгертілген : 10.09.2019, 12:20