Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «Жас Алаш» газетіне: Көпвекторлы саясаттан айныған емеспіз

Газетіңіздің 2018 жылғы 11 желтоқсандағы «Ақорданың көпвекторлы сыртқы саясаты аяқталды ма?» атты мақаламен зейін салып таныстым. Сыртқы істер министрлігі отандық журналистер, қоғам қайраткерлері, жалпы азаматтарымыздың мемлекетіміздің халықаралық аренадағы орны мен саясаты жайындағы ой-пікірлерге айрықша құрметпен қарайды, оларды қызмет бабында барынша ескеруге тырысады.

Мақалаңызда отандық дипломатияның бірқатар іргелі және ағымдағы жұмыс мәселелері қозғалғандықтан, өз тарапымнан оларды оқырмандарыңызға түсіндіріп беру маңызды деп санаймын.

Сонымен, бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда көпвекторлықтан айныдық па? Жауабым: мүлдем айныған жоқпыз. Қайта, көпвекторлық мығым жалғасып, нығаю үстінде. Сыртқы саясаттағы 2018 жылдың қорытындылары осыған дәлел. Біз ЕАЭО, соның ішінде Ресеймен ынтымақтастықты арттырудамыз. Қытаймен сауда-саттық өсуде. АҚШ пен Еуропалық Одақ Қазақстан экономикасының аса ірі инвесторлары болып қалуда. Осыған қоса, Орталық Азия ынтымақтастығы дербес феномен ретінде қалыптасып келеді. Ислам әлемі, Түркі кеңесі, Шығыс және Оңтүстік Азия елдерімен әріптестігімізді күшейттік.

Осының барлығын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік телеарнаға сұхбатында түсіндірген болатын, мақалаңыз осының негізінде жазылды. Елбасы айтқан басты ой-түйін: Қазақстанды айналасындағы өңірлерден тысқары қарастыруға болмайды. Құрлықтың нақ ортасында орналасқан аумағы жағынан аса ірі мемлекетіміздің белсенді халықаралық саясаты оның қауіпсіздігі мен өркендеп дамуының маңызды кепілі болып табылады.

Иә, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі көпвекторлық сыртқы саясатымызға маңызды сынақ болды. Осы орайда газетіңізбен толығымен келісемін. Және бұл сынақтан еліміз абыроймен өтті. Батыспен де, Шығыспен де қатынасымыз нығайды. Айналамыздағы қауіпсіздік, ынтымақтастық пен орнықты дамуға барынша ықпал еттік. Ұлттық дипломатиялық қызметті едәуір шынықтырдық. Ғаламдық саясаттағы ең түйткілді мәселелерге араласа білдік. Мұның алдағы көптеген жылдарға тәжірибе болары сөзсіз. Бұдан басқа, Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі арқылы Қазақстан өзінің халықаралық байланыстар көкжиегін анағұрлым кеңейтті. Африка, Латын Америка, Тынық мұхиты аймағындағы мемлекеттерімен бұрын-соңды болмаған тығыз байланыс орнаттық. Келешек дамуымыздағы бұл байланыстардың маңызды болары сөзсіз.

Мақалаңызда Қазақстан сыртқы саясатындағы Ресейдің орны туралы терең ой бөлістіңіз. Біз прагматик болуымыз қажет. Ресей – біздің ең ірі көршіміз. 7 мың километрден асатын ортақ шекарамыз бар. Халықаралық құқық пен халықаралық қатынастар тұрғысынан біз әлем қауымдастығының теңқұқылы, тең дәрежелі мүшелері болып табыламыз.

27 жыл бұрын Тәуелсіздік ел болуға біржолата шештік. Ендігі мемлекеттігіміз, оның тәуелсіздігі мен қуаты тек біздің қолымызда. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Ресеймен терезесі тең, өзара тиімді және ұзақмерзімді әріптестік орната білді. Осы жолдан айнымау керек. Себебі, Ресей – жай көршілікті ғана емес, едәуір мүмкіндіктерді білдіреді.

Қазақстан және оның көшбасшысы практикада әрқашан барлық жаһандық және өңірлік процестерде әділ қатысушы ретінде рөл атқаратынын және қазіргі заманғы маңызды мәселелерді шешуде «адал брокер» екенін баяғыдан бері дәлелдей алды.

Сонымен бірге, біздің еліміз өзінің қандай да бір амбицияларын қанағаттандыру үшін ғана емес, ең алдымен өз шекарасының периметрі бойынша және кең халықаралық контексте нақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әрекет етеді. Оған мысалдар жеткілікті және оқырмандар оларды оңай еске түсіре алады.

Өз тәжірибемнен мысал келтірсем, қазір әлемде орын алған жанжалдарға қатысушы елдердің көбісі Астанаға бітімгер ретінде үмітпен қарап, еліміздің және оның көшбасшысының беделін пайдалануға дайын. Атап айтқанда, әлемдік дипломатия тарихына нық кірген Астана процесі Сириядағы жағдайды реттеумен ғана шектелмейді!

Мақалаңызда Ресейге қарсы санкция салу дұрыс па, деген сұрақ көлденең қойылды. Халықаралық құқық бойынша санкция салу БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құзырына жатады. Біржақты санкциялар қарымта санкцияларға әкеліп соғады. Нәтижесінде санкциялық текетірес пайда болады. Мұндай жағдайда ешкім ұтпайды. Басқа жолдар іздеген абзал. Мысалы, Елбасының жаңадан ұсынылған бастамасы Ресей, АҚШ, Қытай және Еуропалық Одақ басшылары арасында мазмұнды диалогты қалыптастыру туралы ұсынысы. Бұл бастама Шығыс пен Батыстың халықаралық саяси, дипломатиялық, саясаттанушы және академиялық топтар арасында оң пікірлерге ие болып отыр, өз басым куә. Осының төңірегінде жұмысқа кірістік.

Енді БҰҰ аясында қаралатын құжаттарға келсек, олардың аты емес мағынасына, мазмұнына мұқият үңілгеніміз абзал. Кез келген талқылау немесе құжат жобасы мәселені шешуге бағытталуы тиіс. Құжат жобасын алдын-ала талқылау керек. Диалог пен консультациялар барысында қандай да болсын бітістірушілік ұсыныстар пайда болады. Асығыстықпен, эмоциямен шешілетін мәселелер емес.

Түрлі дауыс беру барысында біздің түбегейлі ұстанымымыз, атап айтқанда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде немесе Бас Ассамблеясында халықаралық қоғамдастықтың құрметіне иеленді. Бұл тұрғыда Қазақстан өзінің серіктестерінің үміттерін қанағаттандыру үшін дауыс бермейді, керісінше, ең алдымен, еліміздің ұлттық мүдделеріне сүйенеді. Оған қосарым, Қазақстан дауысын және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірін тыңдайтын және ескеретін елдердің қатарында тек дамушы елдер ғана емес, көптеген басқа да мықты елдер бар.

Жалпы, Ресей-Батыс, Ресей-Украина қарым-қатынастарындағы дағдарыс – қазіргі заманның ең күрделі мәселелерінің бірі болып табылады. Олардан геосаяси, халықаралық құқық, гуманитарлық, сауда және экономика салаларында көптеген күрделі сұрақтар туындайды. Мұндай жағдайдағы біз үшін басты міндет - еліміздің ұлттық мүдделерін қорғай отырып, бұл дағдарыстың шешу мүмкіндіктерін анықтап тану, тараптарды бітістіруге барынша ат салысу. Бұл Мемлекет басшымсыздың берік ұстанымы және Қазақстанның ұзақмерзімді мүддесіне қызмет ететін саясат.

Жоғарыдағы материал «Жас Алаш» газетінің 2018 жылғы 25 желтоқсандағы №103 санында жарияланған «Ақорда көпвекторлы саясаттан айнығысы келмейді» атты мақаласын дайындауда қолданған.


Қосылған : 26.12.2018, 15:45, Өзгертілген : 26.12.2018, 15:45