Азаматтық

Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстанда бұрын тұрған тұлғалардың көптеген сауалдарына байланысты, азаматтық туралы сұрақтар бойынша келесі түсініктемелер береміз.

Қазақстан Республикасының 1991 ж. 20 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан аумағында осы Заңның күшіне енгізілген күнге дейін (яғни 1992ж. 1 наурызға) тұрақты тұрған (тұрақты тіркеуі бар) тұлғалар, егер олар 1995 ж. 31 желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасының азаматтығын қаламандығы туралы Қазақстан Республикасының тиісті органдарына тұрған мекен-жайы бойынша жазбаша өтініш бермеген жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды. Осыған орай, Франция азаматтығын қабылдаған соң Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын Консулдық бөліміне тапсыру қажет.

Қазақстан Республикасының 1991 ж. 20 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңына сәйкес келесі тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтары болып танылмайды:

- 1995 ж. 31 желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасының азаматтығын қаламандығы туралы Қазақстан Республикасының тиісті органдарына тұрған мекен-жайы бойынша жазбаша өтініш бергендер;

- Қазақстан аумағында осы Заң күшіне енгізілген күнге дейін (яғни 1992 ж. 1 наурызында) тұрақты тұрмағандар (тұрақты тіркеуде болмағандар);

- Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылғандығы тіркелгендер және Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққандар.

Осыған орай, адамның қалауы бойынша тиісті анықтама беріледі. Қазақстан Республикасының азаматы болып танылмайтыны туралы анықтаманы ресімдеу үшін Консулдық бөліміне адамның өзі немесе сенімді тұлға (куәландырылған сенімхат бойынша) келесі құжаттарды тапсыру қажет:

- Консул атына жеке өтініш;

- жеке басын куәландыратын құжат;

- Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққандығы туралы анықтаманың түпнұсқасы немесе куәландырылған көшірмесі;

- Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы Заңның күшіне енгізілген күнге дейін (яғни 1992 ж. 1 наурызында) Қазақстан аумағында тұрақты тіркеуде болмағандығын растайтын құжаттардың түпнұсқасы немесе куәландырылған көшірмесі.

Заңнамамен белгіленген тәртіп бойынша консулдық әрекеттер үшін консулдық алым алынады.

Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылуы туралы ақпарат:

Қазақстан Республикасының 1991 ж. 20 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңының 21 бабына (азаматтықтан айырылу) сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығын айрылады:

- Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген реттерді қоспағанда, адамның басқа мемлекетте әскери қызметке, қауіпсіздік қызметіне, полицияға, юстиция органдарына немесе өзге де мемлекеттік өкімет және басқару органдарына орналасуы салдарынан;

- егер Қазақстан Республикасы азаматтығы көрінеу жалған мәліметтер немесе жалған құжаттар табыс ету нәтижесінде алынса;

- Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген негіздер бойынша;

- егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдаған жағдайда;

- егер адамның Қазақстан Республикасының азаматтығын алуына негіз болған Қазақстан Республикасының азаматымен жасасқан некесін сот жарамсыз деп таныса.

Қазақстан Республикасы азаматтығынан айрылу туралы анықтама рәсімдеу үшін Консулдық бөліміне адамның өзі келесі құжаттарды тапсыру қажет:

- Консулдың атына жеке өтініш;

- Қазақстан азаматтығын растайтын құжат (мысалы: Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты немесе жеке куәлігі немесе Қазақстан азаматы деген белгісі бар 1974 ж. үлгідегі (КСРО) төлқұжат немесе Қазақстанда бұрын тұрған мекен-жай бойынша Қазақстан Республикасы азаматтығы бар деген құзіретті органның анықтамасы немесе 1992 ж. 1 наурызы бойынша Қазақстанда тіркелгені және Қазақстаннан тіркеуден шыққандығы туралы белгісі бар 1974 ж. үлгідегі (КСРО) төлқұжат);

- Жеке басын куәландыратын құжат;

- Жеке басын куәландыратын құжаттың толтырылған беттерінің көшірмесі;

- Франция аумағында тұрақты тіркелгендігін растайтын құжаттардың куәландырылған көшірмелері немесе адамның басқа мемлекетте әскери қызметке, қауіпсіздік қызметіне, полицияға, әділет органдарына немесе өзге де мемлекеттік өкімет және басқару органдарына орналасуын растайтын құжаттар.

Қажетті жағдайларда Елшілік арыз берушінің соңғы тұрған мекен-жайы бойынша Қазақстанның құзыретті органдарына сұраныс жолдайды.

Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы ақпарат:

«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» ҚР Заңына сәйкес Қазақстан азаматтығынан шығу туралы шешімді ҚР Президенті шығарады. ҚР азаматтығынан шығуға адамның осы Заңда белгіленген тәртіппен жасаған өтініші негізінде рұқсат етіледі. Елден тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы азаматтықтан шығу туралы шет елдердегі мекеме арқылы келесі құжаттарды тапсырады:

1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сауалнама-өтініш;

2) өмiрбаян;

3) 3,5 х 4,5 сантиметр көлемінде фотосурет;

4) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

5) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұруын растайтын құжат;

6) апостильденген немесе заңдастырылған сотталғандығы немесе сотталмағандығы туралы анықтама;

7) неке қию туралы және балаларының тууы туралы куәлiктерінің көшiрмелерi (бар болған жағдайда);

8) шетелдік азаматтықты алу мүмкіндігін растайтын құжат;

9) консулдық алымның төленгенi туралы құжат;

10) өтiнiш берушiнiң Қазақстан Республикасында тұратын жұбайының немесе оның асырауындағы адамдардың өзіне нотариалды куәландырылған Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға келісімі және материалдық және өзге де талаптардың жоқ екендiгi туралы өтiнiш-келісімі немесе олардың қайтыс болғаны туралы, азаматтың қайтыс болуы немесе хабарсыз кеткені туралы сот шешімінің көшірмелері.

Егер азаматтықтан шығу туралы өтініш жасаушы адамның ҚР алдындағы міндеттемелерінің немесе мүліктік міндеттемелерінің орындалмағандары болып, олармен азаматтардың немесе еліміздің территориясында орналасқан кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің елеулі мүдделері байланысты болса, ҚР азаматтығынан шығарудан бас тартылуы мүмкін.

Егер шығу туралы өтінішхат берген адамға қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы жария етілсе не ол заңды күшіне енген соттың үкімі бойынша жазасын өтеп жүрсе немесе адамның Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің мүдделеріне қайшы келсе, Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға жол берілмейді.

Шетелдердегі мекемелер дайындалған материалдарды өзінің қорытындыларымен бірге ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментіне жолдайды, ол өз кезегінде ҚР Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссиясының жұмыс органына ұсынады.

Қосылған : 20.04.2017, 15:25, Өзгертілген : 20.04.2017, 18:20