01.03.2019 Қазақстан биыл 9 миллион тонна астық пен бидайды экспортқа шығарады

Қазақстан биылғы жылы 9 миллион тонна астық пен бидайды экспортқа шығармақшы. Соның ішінде әлемдегі үлкен нарықтың бірі – Қытай еліне жеткізу көлемі арта түспек. 2017 жылы Халық Республикасына 307 мың тонна бидай жөнелтсек, былтыр бұл көрсеткіш 2 есе ұлғайып, 560 мың тоннаны құрады. 2020 жылы Қытайға экспортталатын астық көлемін 1 миллион тоннаға жеткізіледі, деп болжайды мамандар.

Тимур Меңдіғалиев, (Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының өкілі):

- Қазақстан бидайына Қытайдың сұранысы жоғары. Біздің өнім елдің бірнеше провинциясына тасымалданады. Қазақстандық астықтың басым бөлігін Қытайдың солтүстік-батысындағы провинциялар көп сатып алады.Бұл – Гансу, Шэнси провинциялары, ішкі Монғолия, тағы басқа провинцциялар.

Бянь Юнцзу, (Қытай Халық Университеті Экономиқалық Зерттеулер Институтының сарапшысы):

- Біз Орталық Азияның көптеген елдерінен астық импорттаймыз. Дәмі жағынан алсақ та, сапасы жағынан да қазақстандық астық жақсы.

Қытайға сары алтынды жеткізуші өңірлер – Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары. Және биылғы жылы аспан асты еліне экспортталатын дәнді дақылдар қатарын арпа мен жүгері толықтырған.

Тимур Меңдіғалиев, (Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының өкілі):

- Қытайға экспортталатын қазақстандық ұн көлемі артып келеді. Табиғи әрі таза өнімге сұраныс жақсы. Қытай халқы ұн өнімдерін көп тұтынады. Қазақстандық астыққа сұраныс танытып отырған тағы бір нарық – Грузия. Бұл ел отандық бидайдың үлкен көлемін сатып алуға ниетті.

Леван Силагава (Бидай мен нан өнімдерін өндірушілер қауымдастығының басшысы):

- Қазақстан мен Грузияның байланыстары өте тығыз. Арадағы сауда-саттық жақсы. Біз соңғы 3 айда Қазақстаннан 40 мың тонна астық алдық. Алдағы бұл көлемді ұлғайтпақ жоспарымыз бар.

Вахо Чарая, (Сарапшы):

- Ресейден көбіне орташа сұрыпты өнім жеткізіледі. Бұл нанның сапасы мен бағасына да әсер етеді. Қазақстан билігі диқандарға астық тасымалдау мәселесіне көмектессе, онда Грузия ресейлік бидайдан гөрі қазақстандық өнімді алуға дайын. Өйткені сапасы әлдеқайда жоғары.

Қазақстандық бидайды өткізу географиясы өте ауқымды. Мысалы, Қостанай облысындағы өнім өндірушілерден 2019 жылы ұнды сатып алғандар қатарында Ауғанстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Иран елдері бар. Бұл елдерге өңірден 77 мың ұн жөнелткен. Қостанай облысының ұн өндірушілері 24 шетелдік бағытқа өнім жөнелтеді.

Нұрсұлтан Қабделов, (Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы):

- Ұн жеткізілетін негізгі нарықтар – Ауғанстан, Өзбекстан. Өнімнің жартысынан көбін осы елдер алады. Жақында Израиль, Бангладеш, Финляндияға жол таптық. Былтыр Испания, Норвегия, Тунис, Латвия, Египет, Украинаға жібердік.

Сонымен қатар қазақстандық астық Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне де жөнелтіледі. Өткен жылы Вьетнамға 30 мың тонна бидай сатылды. Қазір қазақстандық салалық мекеме бұл көлемді арттыру бағытында белсенді шаралар атқарып жатыр.

Ақпарат дереккөзі: www.kazakh-tv.kz

Қосылған : 1.03.2019, 09:00, Өзгертілген : 1.03.2019, 09:00