19.03.2019 Ақтау теңіз портында 170 мың тонна астық экспортталды

Жыл басынан бергі екі айда Ақтау теңіз портындағы астық терминалынан 170 мың тонна бидай экспортталған. Бұл өткен жылдағы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында өсірілген астық бүгінде Иран мен Әзербайжанда үлкен сұранысқа ие. Терминал басшылары наурыз бен сәуір айларына жасалған келісімшарттардың арқасында жарты жылдық жоспарды 4 айда орындаймыз деп отыр. Өткен жылы Ақтау порты арқылы Иранға 818 мың тонна бидай тасымалданып, нәтижесінде рекорд орнатылған. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш шамамен 500 мың тонна болған. Жоғары көрсеткіштерге жетудің себебі Қазақстан арпасына Ислам Республикасының қызығушылығымен байланысты.

Рафаиль Галямов, терминал басшысы: - Жаңа жыл табысты басталды. Биыл дәнді-дақылдардың ішінде, әсіресе арпаға деген сұраныс жоғары. Біз алдағы 3 айда жоғары қарқынмен жұмыс істеп, жазда 1 айға жөндеуге жабыламыз. Тамыз айынан бастап жаңа маусымды бастап кетеміз. Биыл да қазақ астығын шетелге тасымалдауда жоғары көрсеткішке ие боламыз ба деп жоспарлап отырмыз.

Қазақстан – әлемдік бидай нарығындағы жоғарғы орындардың бірінде. Біздің еліміз бүгінгі таңда астық пен ұнды ірі өндірушілер мен экспорттаушыларының қатарына кіреді. Республиканың экспорттық әлеуеті 9 млн тоннаға бағаланады, оның ішінде 6 млн тонна астық түрінде және 2 млн тоннадан астам ұн күйінде болып отыр.

Ақпарат дереккөзі: www.kazakh-tv.kz

Қосылған : 19.03.2019, 10:30, Өзгертілген : 19.03.2019, 10:30