Тбилисиде Қазақстан Тәуелсіздігі күні тойланды

2018 жылғы 7 желтоқсанда Тбилисиде Қазақстанның Тәуелсіздігі күні мен Тұңғыш Президенті Күніне арналған ресми қабылдау өткізілді. Салтанатты шараға 300-ден астам адам қатысты, олардың қатарында Грузия парламентінің депутаттары, дипломатиялық корпус, мемлекеттік органдардың, академиялық, ғылыми және іскерлік топтардың өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, Грузияда жұмыс жасайтын қазақстандық компаниялардың қызметкерлері болды.

Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Бауыржан Мұхаметжанов еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихи мерзімде жүріп өткен жолы мен қол жеткізген жетістіктері туралы әңгімелеп берді. «Бүгінде Қазақстанның ешқандай елдермен шешілмеген территориялық даулары жоқ, еліміздің айналасында «бейбітшілік және ынтымақтастық белдеуі» қалыптастырылған. Елдің ішінде де үйлесімді және тұрақты қоғам құрылып, 120 ұлттың өкілдері тату-тәтті және ынтымақты, сенім және өзара түсіністік жағдайында өмір сүріп жатыр. Экономикалық саладағы табыстар мен қомақты жаңғыртулардың арқасында Қазақстанда жоғары әлеуметтік кепілдіктер мен халықтың әл-ауқатын арттыру қамтамасыз етілген», - деді дипломат.

Қазақстан ұлттық мүдделер мен халықаралық құқықты мүлтіксіз орындауға негізделген сындарлы, көп векторлы саясат жүргізетін халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі болып табылады, мұның айқын айғағы еліміздің 2017-2018 жылдарда БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің мүшелігі болды. Елші, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан барлық еркін ерікті елдермен достық және өзара құрметтеу қағидаттары негізінде ынтымақтастықты дамытып отыр деп түйіндеді.

Грузияда достас Қазақстанның әсерлі жетістіктеріне шынайы қуанады, - деп атап көрсетті Грузияның Сыртқы істер министрі Давид Залкалиани өзінің қабылдаудағы сөзінде. – Қазақстан халқы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен күрделі сынақтардан сүрінбей өтіп, бүгінде даму мен гүлдену жолында нық қадамдар жасауда.

Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан мен Грузия арасындағы ынтымақтастық үлгі боларлық, деп жалғастырды Министр Д.Залкалиани, екі ел арасында өзара түсіністік пен құрметтеу негізіндегі келіссөздер жолымен шешілмейтін мәселелер жоқ. Екіжақты қатынастар әркез жоғары қарқындылығымен ерекшеленіп, екі елдің халықтары арасындағы көпғасырлық достыққа негізделген.

Кешті ішекті аспаптар квартеті орындауындағы классикалық және ұлттық шығармалар, сондай-ақ ұлттық кәде-сыйлар мен тағамдар көркемдендіре түсті. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кітаптары көрмесі ұйымдастырылды.

ҚР Грузиядағы Елшілігі

Қосылған : 8.12.2018, 10:00, Өзгертілген : 8.12.2018, 10:00