Парламентаралық ынтымақтастықтың маңызды рөлі


2019 жылғы 13 наурызда Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Бауыржан Мұхаметжанов Грузия Парламентінің Төрағасы Ираклий Кобахидземен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Грузия арасында дәстүрлі қалыптасқан тарихи негізі бар достық қатынастарды атап көрсетті. Сұхбаттасушылар осы жылғы мамырда күтіліп отырған Грузия Премьер-министрінің Қазақстанға ресми сапары екі ел арасындағы өзара тиімді қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық, өңіраралық ынтымақтастықтың үлкен келешегі бар екендігі туралы қанағаттанғандықпен айтылды. Шығыс пен Батысты байланыстырушы буын болып табылатын Қазақстан мен Грузия арасындағы транзиттік-көліктік ынтымақтастық табысты дамып келеді. Екі ел арасындағы визасыз қатынау тәртібі екі ел халықтары арасында тығыз байланыстарды сақтауға және дамытуға септігін тигізеді. Жыл сайын Грузияға 70 мыңға тарта қазақстандық туристер келуде. Тараптар бизнес жүргізу, денсаулық сақтау, білім беру салалары мен құқыққорғау органдары қызметін реформалауда тәжірибе алмасу бойынша өзара қызығушылық бар екендігін атап өтті.

Парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың, екі ел парламенттерінің өзара сапарларын ұйымдастырудың маңыздылығына айрықша назар аударылды. Бұл орайда, екі елде өткізілетін халықаралық іс-шараларға парламенттік делегациялардың да қатысуы туралы келісілді.

Қазақстанның Грузиядағы елшілігі

Қосылған : 13.03.2019, 18:00, Өзгертілген : 13.03.2019, 18:00